$ 448.89  477.93  4.76

«Түркiстандағы университет – Тәуелсiздiк жемiсi»

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң президентi, профессор Уәлихан ӘБДIБЕКОВ Түркістандағы осынау алып университетті Тәуелсіздіктің жеміс екенін айтып отыр. Ғалым жуырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, өзі ойларымен бөліскен болатын. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Сiздiң Түркiстандағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiн басқаруға келгенiңiзге үш жылдан асты. Осы аралықта қандай идеяларыңызды жүзеге асыра алдыңыз?

– Ең алдымен Тәуелсiздiктiң 25 жылдық шежiресiндегi елеулi жетiстiктердiң бiрi ретiнде түбi бiр түрiк бауырларымызбен арадағы байланыстың қайта жалғануын айрықша атап өтер едiм. Өзiңiз бiлесiз, тәуелсiздiгiмiздi тұңғыш таныған да Түркия Республикасы болды. Бiрiншiден, бұл түркi тектес халықтардың азаттығы мен бiрлiгiн аңсаған туыстық сезiмнен туса, екiншi жағынан Қазақстан Түркия үшiн аса маңызды экономикалық һәм рухани аймақ. Бұл күнде бiз бұл байланыстың мол нәтижелер бергенiн ауыз толтырып айта аламыз. Соның аса жарқын көрiнiсi – түркi дүниесiнiң ежелгi кiндiк жұрты Түркiстанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ашылуы. Тәуелсiздiкпен құрдас университет 25 жыл iшiнде қос елдiң тарихына терең мазмұнды беттер, тараулар қосты. Көптеген мамандықтар бойынша жоғары бiлiмдi кадрлар даярлайтын Ясауи университетi қазiргi кезде он төрт мыңнан аса студент оқитын, оның алты мыңы Түркияда бiлiм алатын үлкен бiлiм ошақтарының бiрiне айналды. Мұны тәуелсiздiгiмiздiң жемiсi дер едiм.

Мен университет басшылығына 2013 жылы келдiм. Мұрат Жұрынов, Оразалы Сәбден, Серiк Пiрәлиев, Лесбек Тәшiмовтен кейiнгi сара жолды жалғастыруды тағдыр менiң еншiме бұйырған екен. Жалпы, өзге жерге қызметке келген адам алғашқы жұмысын сол жердiң тарихымен, тұрмыс-тiршiлiгiмен, менталитетiмен танысудан бастайды емес пе? Мен де келген бетте исi қазақтың ел бастаған, қол бастаған, сөз бастаған тарихи тұлғаларының жамбасы тиген киелi жердiң қасиетiн сезiндiм. Елбасының «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi Түркiстан қаласын түркi халықтарының рухани астанасына айналдырады» деген сөзiнiң текке айтылмағанын аңғардым. Иә, айтса, айтқандай, бүгiнде киелi Түркiстан түркi халықтарының рухани астанасына айналды деуге толық негiз бар.

Қандай идеяларыңызды жүзеге асыра алдыңыз дегенге келсек, ең бiрiншi, университеттiң оқу үдерiсiнде игi бастамалардың қолға алынғанын атап өткен жөн. Келген бетте университеттiң бiлiм беру жүйесiне елеулi өзгерiстер енгiзуге тура келдi. Бiлесiздер, аты айтып тұрғандай, бұл – Халықаралық қазақ-түрiк университетi. Келген кезде бiрiншi байқағаным, түрiк ағайындар өздерiнiң бiлiм стандарттарына басымдық берiп, оқу жүйесiне көптеген талаптарын енгiзiп үлгерiптi. Бiзде Бiлiм және ғылым министрлiгi бекiткен ереже бар. Олардан сол ереженiң аясында жұмыс iстеуiн талап еттiк. Әрине, бауырларымызды бұған илiктiру оңайға соққан жоқ. Дегенмен, жұмсалған қажыр-қайрат текке кетпедi. Соның нәтижесiнде оқу ордасындағы факультеттердiң атауы өзгертiлiп, жаңа технологияларға сай жаңаша бiлiм берудiң үрдiсi қалыптасты.

Тағы бiр байқағаным, мұндағы әр сала өз алдына тәуелсiз, бiр жүйеге бiрiктiрiлмеген екен. Мысалы, инфрақұрылымды алайық. Бүгiнгi шаһарға, әсiресе, университет аумағына көз салсаңыз, тұрғызылып жатқан жаңа ғимараттар көп. Алайда, ескiлерi сол күйi қалып қойған. Зерттей келгенде, соларды жөндеу, қалпына келтiру басшыларға тиiмсiз екен. Оларды жөндеп пайдаланудан гөрi жаңасын салған қолайлы көрiнедi. Келгелi осындай жөндеу көрмеген, тозығы жеткен тоғыз ғимаратты қалпына келтiрдiк. Жылу, су, коммуникациялық жүйелерiн жаңарттық. Сiзге айтайын, үш жылым осыған кеттi. Ендiгi уақытта оқу ғимараттарының iшкi құрылымын қайта жаңалауды көздеп отырмын.

Тағы бiр жаңалығымыз, оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабiлеттерiн айқындау мақсатында осыдан екi жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш рет «Ясауи» пәндiк олимпиадасын ұйымдастырдық. Бiлiм бәйгесiне елiмiздiң барлық өңiрлерiнен мектеп бiтiрушi түлектердiң қатысуына мүмкiндiк жасалды. Сайыс алдымен әр облыс орталығында өтiп, талапкерлер 14 пәннен бiлiмдерiн саралайды. Қорытынды кезең киелi Түркiстан қаласында, яғни университет базасында өтедi. Жеңiмпаздарға бағалы сыйлықтардан бөлек, университетте бiлiм алу үшiн өзiмiздiң және Түркия тарапынан оқу гранттары берiледi. 2014 жылдан берi аталған олимпиадаға 5 мыңнан аса оқушы қатысып, 2 мың талапкер ақтық сайысқа қатысуға мүмкiндiк алды. Соның iшiнен 100 оқушыны таңдап алдық. Дарынды оқушылардың тегiн бiлiм алуына мүмкiндiк беретiн республикалық олимпиаданы алдағы уақытта халықаралық деңгейде ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.

Грант демекшi, өзiмiздiң мемлекеттiк бiлiм гранттарынан өзге Түркия тарапынан берiлетiн гранттар саны жылдан-жылға көбейiп келедi. Осыдан екi жыл бұрын олардан бөлiнетiн грант мөлшерi 320 болса, биыл 570-ке көтерiлдi. Ал, Қазақстан Республикасы Президентiнiң түркi дүниесiне бөлетiн арнайы гранттар саны – 200. Дегенмен, Қазақстан грантының саны аз болғанымен, құны, бәсi  жоғары. Себебi, онда студенттiң жол шығыны, тамағы, жатын орны толықтай қамтамасыз етiлген. Ал, түрiктер тарапынан бөлiнетiн оқу грантында мұндай мүмкiндiктер қарастырылмаған. Бастысы, мұндай жеңiлдiк елiмiздегi ешбiр жоғары оқу орнында қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Осы мүмкiндiктiң өзi оқу ордасының басты ерекшелiктерiнiң бiрi деуге болады.

Назарбаев университетiнiң тәжiрибесiнде «Серiктестiк» атты бағдарлама бар. Осы бағдарлама шеңберiнде Түркияның көптеген жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Бұдан өзге шетелдердiң жоғары оқу орындарымен жасасқан 52 келiсiмiмiз бар. Сондай-ақ, халықаралық университеттер ассоциациясы мен халықаралық университет президенттерiнiң ассоциациясына мүшемiз. Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерiмен «Мәулана» академиялық ауысу халықаралық бағдарламасы аясында бiздiң студенттер бiр семестр бойы Түркияның Хожетепе, Еге, Сакария, Гази, Ержиес, Ататүрiк, Ақдеңiз университеттерiнде түрiк, ағылшын тiлдерiнде бiлiм алады. Тек Түркия Республикасымен шектелiп қалмай, жастарымызды Қытай, Мысыр, Кувейт, сондай-ақ, Америка, Еуропа, Азияның беделдi жоғары оқу орындарына да жiберiп жатырмыз. Бүгiнде аталған елдерде 500 студент, 100-ге тарта жас оқытушы бiлiм алып, тәжiрибелерiн шыңдауда.

– ХҚТУ – түркi тiлдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие тұңғыш оқу орны. Университеттiң осындай мәртебесiне сай бiлiм беру процесiнде оқытушыларға қандай талаптар қойылады?

– Халықаралық жоғары оқу орындарына қойылатын арнайы талаптар бар. Бiрiншiден, студенттер бiлiм жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұруы керек. Екiншiден, бiлiктi мамандар жеткiлiктi болуы қажет. Үшiншiден, талапқа сай оқу ғимараттарымен қамтылуы тиiс. Бiздiң университет аталған талаптардың барлығына жауап бере алады. Айталық, бiз әлеуметтiк ғылымдар, гуманитарлық ғылымдар, филология, жаратылыстану, инженерия, өнер, медицина факультеттерi бойынша мамандар даярлаймыз. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сәйкес бакалавриат бағытында – 54, магистратура бойынша – 29, докторантура негiзiнде – 9, резидентура бойынша 3 мамандыққа басымдық берiлген.

Мен осы университетке басшы болып келгенде Қазақстандағы көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы рейтингтiк көрсеткiшiмiз аса мәз емес-тiн. Нақтырақ айтқанда, 16-шы орында болатынбыз. Бұл халықаралық мәртебеге ие оқу орны үшiн жақсы көрсеткiш емес. Дегенмен, университет ұжымының тынбай iзденуiнiң арқасында факультеттер мен кафедралардың құрылымын жаңа талапқа сәйкестендiру арқылы бiлiм берудiң сапасын көтерiп, республикадағы 50 жоғары оқу орны арасында алғашқы ондыққа ендiк. Алдағы кезде алғашқы бестiктен көрiнсек деген межемiз бар. Қазiр осы бағытта жұмыс iстеп жатырмыз. Бiрақ мұның бiр жағы бар, ол жаңағы өзiңiз айтқан оқытушылардың сапасына байланысты. Бiз бұл жағынан әлемге мәшһүр жоғары оқу орындарының оқытушы құрамын зерделеп көрдiк. Ондағы бiлiктi мамандар жан-жақтан шақыртумен келедi. Ал, бiзде негiзiнен Түркiстанда тұратын ғалымдар жұмыс iстейдi. Сырттан келiп, сабақ беретiндер аз. Сондықтан бiзге де осы үрдiстi кеңiнен енгiзу қажет. Өйткенi, озық ойлы, бiлiм-бiлiгi жоғары мамандарсыз оқу сапасында серпiлiс болмайтынын көрiп отырмыз. Былтыр шетелден келiп, дәрiс оқыған ұстаздар саны 79 болса, биыл олардың қатары 102-ге артып отыр. Яғни бұл бағытта жылдан-жылға iлгерiлеу бар. Жалпы, университетiмiздегi оқытушы-профессорлар құрамына тоқталар болсам, мұнда 89 профессор, 291 ғылым кандидаты, 470 аға оқытушы жұмыс iстейдi.

Әрине, халықаралық деңгейдегi оқу орны болғаннан соң оқытушылардың бiлiм-бiлiгiне айрықша көңiл бөлiнедi. Бiз бұл жағынан Назарбаев университетiнiң тәжiрибесiне сүйенемiз. Мемлекет басшысының «Үш тұғырлы тiл» саясатын қолдау әрi шет тiлдерiн жетiк меңгерген бiлiмдi кадрларды даярлау мақсатында «Тiл бiлiмiн жетiлдiру» (Foundation) курсын аштық. Бұл – Елбасының Ұлт Жоспары аясында жүзеге асқан жоба. Курста 14 мемлекеттен келген 32 ұлттың өкiлi бiр жыл бойы қазақ, ағылшын, орыс және түрiк тiлдерiн үйренедi. Одан кейiн арнайы сынақ тапсыру арқылы өз мамандығы бойынша бiлiмiн жалғастырады. Қазiрдiң өзiнде 600-дей студент 34 мамандық бойынша төрт тiлде бiлiм алып жатыр.

– Университет оқытушыларының ғылыммен айналысуына жағдай толық жасалынған ба?

– Бiреулер бiлер, бiреулер бiлмес, қазiргi таңда оқытушылардың ғылыми жұмыстармен шұғылдануға уақыттары бола бермейдi. Оның бiр себебi, жүктеменiң тым көптiгi. Мойнында сағаттық жүктемесi көп ұстаз ғылыммен шұғылдануға қайдан уақыт тапсын? Сондықтан оқытушылардың жүктемесiн азайтуға тура келдi. Кейбiр оқу орындары бұған мұғалiмдердi қысқарту арқылы қол жеткiзсе, бiз керiсiнше оқытушыларды сақтап қалудың жолдарын қарастырдық. Ол үшiн не iстедiк? Басы артық әрi бiр-бiрiне ұқсас топтарды бiрiктiрiп, соған сай олардың жүктемесiн азайттық. Айталық, 2013 жылы орташа жүктеме 850 сағат болса, биыл оны 450-ге дейiн қысқарттық. Бұл оқытушылардың ғылымға деген iзденiсiне жол ашып отыр. Есесiне, Елбасының тапсырмасынан кейiн басқа ресурстарды қайта құрылымдау арқылы еңбекақыны көтеруге мүмкiндiк алдық. Мысалы, қазiр бiзде жай мұғалiм – 102 мың, аға оқытушы – 159 мың, ғылым кандидаты, яғни доцент – 190 мың, профессор 257 мың теңгеге дейiн жалақы алады. 

Түркологияның көкжиегi кеңейiп келедi

– Облыс орталығындағы көптеген оқу орындары тәуелсiздiктiң елең-алаң шағындағы қиын кезеңде бұрыннан балансында бар жатақханаларынан айрылып қалды, ал, тақыр жерден бой көтерген Сiз басқаратын университетте жатақхана мәселесi толық шешiлiп бiттi ме?

– Негiзiнде, бiздегi жатақханалар сақталып қалған. Себебi, оны өзге мақсаттар үшiн пайдалануға немесе бұзуға Өкiлеттi Кеңестiң шешiмi керек. Кеңестiң шешiмiнсiз жатақхана түгiлi шегесiн де алуға рұқсат жоқ. Бiрақ жатақханалардың көпшiлiгiнiң аты бар да, заты жоқ, көптен берi жөндеу көрмеген екен. Ата-бабаларымыз «үйi жоқтың, күйi жоқ» демейтiн бе едi? Сондықтан студенттердiң алаңсыз бiлiм алуы үшiн алдымен жатақхана мәселесiн толық реттеудi ұйғардық. Бүгiнге дейiн 5 жатақхананы түгелдей күрделi жөндеуден өткiздiк. Оған қоса 36 пәтерлi отбасылы жатақхананың су, жылу жүйелерi жаңартылды. Кентау қаласындағы оқу ғимараты мен жатақхананы да бүгiнгi заман талабына сәйкестендiрдiк. Жалпы, бiзде 3 мыңдай орын болса, бүгiнге дейiн барлығы да талапқа сай қажеттi жабдықтармен қамтамасыз етiлдi. Оның үстiне, қосымша 50-60 орын сақтап отырмыз. Өйткенi, жан-жақтан келетiн студенттер бар. Сондықтан бiзде жатақхана мәселесi толықтай шешiлген деуге болады. Алдағы уақытта түрiк ағайындардың инвестициясына Профессорлар үйiн салсақ деген жоспарымыз бар. Бұйыртса, бұл мәселе де оң шешiмiн табар.

– Түркiстаннан осы оқу орнының ашылуы шағын ғана шаһардың келбетiнiң көркеюiне ғана емес, мәдени еңсесiн көтеруiне де шарапатын тигiздi. Ұлтымызға танымал талай тұлға көшiп келiп, Түркiстанның қадiрiн арттырып, мерейiн үстем еттi. Олардың iшiнде кiм жоқ дейсiз? Рахманқұл Бердiбай, Мекемтас Мырзахметұлы, Райымбек Сейiтметов, Қажыбек Бекбосынов. Осылай кете бередi, кете бередi. Сол азаматтардың еңбегi елеусiз қалған жоқ па?

– Әрине, университет ашылғалы берi қазақтың талай марқасқа азаматтары осында келiп, шәкiрттердi бiлiм нәрiмен сусындатқаны белгiлi. Олардың iшiнде сiз атап өткен азаматтар да бар. Шоқтығы биiк сол тұлғалар Түркiстанның қадiрiн арттырып, мерейiн үстем еттi. Әрқайсысының өздерiне лайық орны бар. Түркiстанға жұмысқа келген ұлтымыздың осындай аяулы ұл-қыздары киелi шаһардың рухани жаңару үрдiсiне мейлiнше мол қазына алып келдi. Бұлардың университет iргетасын қалаудағы жанкештi еңбегiне үнемi тағзым жасап, мәуелi жемiсiн берген еңбектерiн мойындауымыз қажет. Құрметтеуiмiз керек. Өкiнiшке қарай, мен қызметке келгенде бұл кiсiлердiң бiрi өмiрден өтiп, ендi бiрi қызмет ауыстырып кетiптi. Дегенмен, ол азаматтардың еңбегi еленбей, ескерусiз қалған емес. Мысалы, Рахманқұл Бердiбай ағамыздың телегей теңiз дүниесiн шашау шығармай, университет жанынан кiтапханасын аштық. Жалпы, университетте ұстаздық етiп жүрген оқытушылардың көпшiлiгi кешегi сол кiсiлердiң шәкiрттерi дер едiм. Шама-шарқымыз келгенше олардың еңбегiн ұлықтауға тырысып жатырмыз.

– Бiлуiмiзше, университеттiң бiрiншi миссиясы түркология ғылымын дамыту болатын. Екi мыңыншы жылдардың басында Түркiстанда әлем түркологтары жиi бас қосып, ғылымның осы саласын дамыту проблемалары жиi талқыға түсетiн. Бүгiнде түркологтар Түркiстанға ат iзiн салмай кеткен жоқ па?

– Түркiстан бүгiнде ғылым орталығына айналды. Көпшiлiктiң бұлай баға беруiне университеттiң осы бағыттағы серпiндi жұмыстары дәлел бола алады. Қазiр университет құрамында Түркология, Евразия, Экология ғылыми-зерттеу институттары, Археология ғылыми-зерттеу орталығы және 7 ғылыми-зерттеу лабораториясы мен 70-ке тарта ғылыми-зерттеу тобы бар. Сонымен бiрге Алматыда Түркi тiлдес елдердiң байланысын зерттеу институты  жұмыс iстейдi. Университет археологтары I-XII ғасырларға тән көне Қарашық, Шарапкент қалаларын ашып, Оңтүстiк Қазақстан облысының, өлкенiң археологиялық ескерткiштерiн тұтастай жүйеге келтiрдi. Мәдениет орталығында түбi бiр түркi тарихының айнасы iспеттi «Түркi дүниесi тарихы» мұражайы ашылды. Қазiр ғылым орталығы даярлаған 20-дан астам монографиялық еңбектерде түркологияның өзектi мәселелерi жан-жақты зерттелуде. Iргелi зерттеулердiң нәтижесiнде бiрқатар оқулықтар мен оқу құралдары жазылды. Университетте Дүниежүзi түрколог ғалымдары ассоциациясының құрылуы да бұл жұмыстардың мән-маңызын арттырды. Былтыр Түркiстанда кезектi Түркология конгресiн өткiздiк. Шараға АҚШ, Германия, Кипр, Түркия, Босния, Иран, Әзiрбайжан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерiнен 100-ге тарта түрколог ғалымдар қатысты.

Менiңше, түркология ғылымын бiр университеттiң төңiрегiне байлап қою дұрыс емес секiлдi.  Қазiр елiмiздегi көптеген жоғары оқу орындарында түркологияның көкжиегi кеңейiп келедi. Түркияда да бұл ғылымды iлгерiлетуге ынталылар көп. Сондықтан 25 жылда түркологияның дамуына айрықша ден қойылып, өз дәстүрi қалыптасты деуге болады. 

Осы тұста айта кеткен жөн, бiздегi ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлiнетiн қаржы көлемi 7 есеге дейiн өстi. Iлгерiде бұл бағытқа қаралатын қаржы 65 миллион теңгенiң төңiрегiнде болса, екi жарым жылдың iшiнде оның көлемiн 420 миллион теңгеге көтердiк. Дегенмен, бұл әлi де аз, кемiнде миллиард теңгеден асып жығылуы керек. Себебi, ғылымның көкжиегiн кеңейтпей, аталған бағыттардың алға баспасы анық.

Ешкiмге ренжудiң қажетi жоқ

– Университет жанынан диагностикалық клиника ашылған кезде мұнда Қазақстанда бұрын-соңды болмаған операциялар жасалатыны айтылған. Алайда, «ХҚТУ-дiң Түркiстандағы клиникасында мұндай операциялар жасалды, медицина саласына тың жаңалықтар әкелдi» дегендi әлi естiмедiк. Клиника аудандық емхана-аурухана деңгейiнде қалып қойған жоқ па?

– Университет – өзiнiң клиникасы бар елiмiздегi санаулы оқу орындарының бiрi. Шындығын айту керек, басында клиника жөнiнде жоспар ауқымды болатын. Төрт облысқа ортақ медициналық қызмет көрсету осы диагностикалық клиниканың еншiсiнде-тiн. Жаңа өзiңiз айтқандай, небiр күрделi оталарды да осы жерде жасау көзделген болатын. Бiрақ бұл талап әзiрге орындалмай отыр. Оның бiрнеше себебi бар. Бастысы, мұндағы медициналық жүйе түрiктердiкi болғанымен, мамандар өзiмiздiкi. Осы жағынан сәйкес келмейтiн жағдайлар бар. Тағы бiр кедергi, үлкен медициналық холдингтердiң көпшiлiгi Алматы мен Астанада шоғырланып жатыр. Яғни бар күш, бар қаржы солай қарай жұмылдырылды. Бұған қарап диагностикалық-клиникалық орталық құлдырады деген ой тумауы тиiс.

– Жұмыс бар жерде пiкiрлер қақтығысының, көзқарастар қайшылығының кездесiп тұруын өз басым заңдылық деп есептеймiн. Алайда, кейде «көзқарастар қайшылығы» дегенге келiңкiремейтiн даулар да бой көрсетiп қалады. Мәселен, мұндай жағдай оқу орнының басшылығына Сiз келгенде де шықты. Тiптi, бұл мәселеге заң органдарының араласуына тура келдi. Алдымен студенттердiң оқу ақысына қатысты «шу» шықты. Одан кейiн оқытушылар «көтерiлдi». Олар Сiздi «командасымен келдi, тәжiрибесi жоқ адамдарды жауапты қызметке тағайындады» деп айыптады. Сiз «оқу орнында бiлiктiлiгi өте төмен оқытушылар дәрiс берiп келген» дейсiз. Бұл дауға нүкте қойылды ма?

– Әрине, қызмет болған соң, басшы болған соң Сiздi бiреулердiң ұнатып, бiреулердiң ұнатпай жатуы заңдылық. Өкiнiшке қарай, кейде жаңағы өзiңiз айтқан «көзқарастар қайшылығы» орын алып жатқан жерде оның арты арыз-шағымдарға ұласып кетiп жатады. Менiң түсiнiгiмде «сен неге арыз жазасың?», «сен неге дау-дамай ұйымдастырасың?» деп ешкiмге ренжудiң қажетi жоқ. Әркiм өз түсiнiгiмен өмiр сүредi. Бұған шала бүлiнудiң қажетi жоқ. Ол бiр жағынан адамды шыңдай түседi. Бiрақ менi «командасымен келдi» деген айыптау бекер сөз. Мен командамен жүретiн әкiм емеспiн ғой. Осында келерiмде өзiммен тек бiр ғана адамды алып келдiм. Бұл туралы келгенде-ақ әрiптестерiмдi хабардар еткенмiн. Ол – инновациялық жаңа бағыттағы бiлiм берудiң жүйесiн меңгерген, шетелде екi жыл тәжiрибеден өткен бiлiктi маман. Бұған дейiн Қазақ Ұлттық университетiнiң бiлiм бөлiмiн басқарған ол сондағы бiлiм беру жүйесiне түбегейлi өзгерiстер енгiзiп, оқу сапасының деңгейiн көтерумен көзге түстi. Мұнда келген соң ХҚТУ-дiң оқу жоспарын бүгiнгi талапқа сәйкестендiрiп, жаңа стандартқа негiздедi. Менiң ойымша, арызданушылардың денi осындай жүйемен жұмыс iстеудi қаламайтын адамдар болуы да мүмкiн.

– Соңғы жылдары университет құрамынан бiрнеше департамент, басқармалар ашылды. Мұның бәрi не үшiн қажет болды? Артық шығын емес пе?

– Бұл оқу орнының дамуы үшiн қажет. Бұрын алты департамент болатын. Кейiн олардың санын 11-ге көбейттiк. Университет осы аралықтағы үш жылда көптеген жетiстiктерге қол жеткiздi. Жоғарыда айтылған рейтингтегi көрсеткiшiмiздiң жақсаруына да осы департамент тарапынан атқарылған жұмыстардың ықпалы аз болмады. Алайда, ақшаны үнемдеу мақсатында биыл сол департаменттердi бiрiктiрiп, олардың санын қайтадан жетiге түсiрдiк.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстiк Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары