Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі кеше Манас әуежайының маңында ұшақтың құлауы салдарынан қаза тапқан 32 адамның тізімін жария етті. Олардың ең кішкентайы небәрі 4 айлық сәби болған деп жазады Zanoza.kg.
Алдын ала белгілі болғандай, Республикалық сот-медициналық сараптама орталығының мәйітханасына адам денелері салынған 42 қап жеткізілген. Онда ешкімнің аты-жөні көрсетілмеген, тек реттік номерлері ғана бар дейді аталған басылым. Белгілісі, қаза тапқан 32 адамның 13-і кішкентай бала және екеуі жүкті әйел болған.
Естеріңізге салайық, қайғылы оқиға кеше таңертең Бішкектегі Манас әуежайының іргесінде орын алған болатын. Turkish Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing-747 жүк тасымалдаушы ұшағы әуежайға қона алмай, сол маңайдағы саяжайға барып құлаған еді. Ұшақ Гонконгтан Стамбұлға бет алған екен, жолай Бішкек әуежайына соғып, жанармай толтырып алуға қонбақ болған.