Қазақстан тұрғындары көрші қырғыз елінде орын алған ұшақ апатынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтуда. Қайғылы оқиға салдарынан 36 адам көз жұмған болатын.
Астанадағы Қырғызстан елшілігіндегі ту бүгін төмен түсірілді. Көрші елде қаралы күн. Елорда тұрғындары елшілік ғимаратына гүл шоқтарын әкеліп жатыр.
"Азаматтар гүл шоқтарын әкеліп, бізбен бірге аза тұтып жатыр", - дейді дипломатиялық миссия өкілдері.
Айта кетейік, Бішкектегі Манас әуежайының іргесінде орналасқан саяжайға кеше таңертең жүк тасымалдаушы ұшақ құлаған болатын. Апаттан зардап шеккендердің басым бөлігі елдімекен тұрғындары. Ұшақта 4 адам ғана болған. Ал, қайтыс болғандардың 13-і кішкентай бала болса, екеуі жүкті әйел. Тағы 15 адам түрлі дене жарақаттарын алды.
Апатқа ұшыраған түркиялық ұшақ Гонконгтен Стамбұлға бет алып, жолай Манас әуежайында жанармай құйып алмақ болған. Әзірге, апатқа пилоттардың кінәсі болуы мүмкін деген болжам айтылуда.