$ 498.34  519.72  4.85

«Күйеуі дінге жақын болған»: Оралда сәбиін қоқысқа тастаған әйел үш бала бағып отыр

Нәрестеге қамқорлық көрсеткісі немесе оны асырап алғысы келетіндер тиісті органдарына хабарласа алады.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

24 сәуірде қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды деген хабар барша жұрттың жағасын ұстатты. Жалаңаш қалпы полиэтилен пакетке оралған сәби ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер бала табылғанға дейін 7-8 сағат бұрын өмірге келген деп болжап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі.

Полицейлер баланың анасын сол күні-ақ тапқан. Әйелдің қатыгез әрекетіне ашуланған қазақстандықтар желілерде оны қатаң жазаға тартуды сұрады. Дегенмен «Ана үйі» ресурстық орталығының аймақтық маманы Зәмзәгүл Шқанова әйелдерді қатаң сынға алмауға шақырады. Белгілі болғандай, 25 жастағы әйел ажырасқан, өзі мектеп жасына дейінгі үш бала тәрбиелеп отыр, анасымен және өгей әкесімен тұрады.

«Үшінші баласына жүкті кезінде көмек сұрап бізге жүгінді. Содан кейін біз оған киім-кешек, тамақпен көмектестік, еріктілерді тарттық. Бірақ оның төртінші баласына жүкті екенін білмедік. Білсек, оған да көмектесер едік. Ол бізге өзі айтпады, көмек сұрамады. Бірақ оны қатаң айыптамаңыздар, барынша қолдау көрсеткеніміз дұрыс шығар. Оның денсаулығында қиындығы бар, жүктілік кезінде жанкүйзелісіне ұшыраған. Күйеуімен ажырасқан, күйеуі дінге жақын адам болған. Әйелдің айтуынша, ер адам тұрақты түрде алимент төлемеген, бірақ өзі АӘК алып келген. Соңғы рет Жаңа жыл алдында қонаққа барғанымызда балаларға сыйлық апарған, сол кезде бізге жағдайын айтпады», – дейді Зәмзәгүл Шқанова.

Оның айтуынша, қалай болғанда да орталық қызметкерлері отбасының тыныс-тіршілігін қадағалап, олармен жұмыс жасайтын болады.

Баланың алдағы тағдырына келсек, қалалық қамқоршылық бөлімінің айтуынша, балаға қамқорлық көрсеткісі немесе оны асырап алғысы келетіндер қорғаншылық органдарына хабарласып, кеңес ала алады. Дегенмен олар қазір тергеу жүріп жатқанын баса айтты.

Ал денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі сәбидің әжесі сәбиді көруге ауруханаға келгенін хабарлады. Оған алдымен балаға туу туралы куәлік, содан кейін қорғаншылық органдары арқылы асырап алуға рұқсатт беруі керек екені түсіндірілді. Сәбидің құжаттары әлі жасалған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары