Алматыда 11 жасар мектеп оқушысы Өркен Азаматұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталған өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева осынау ауыр қылмысқа өзінің қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Бүгін Алмалы аудандық сотында аталған іске қатысты алғашқы отырыс өткен болатын.
Сот отырысында барлық 5 күдіктінің аты-жөндері жарияланды деп жазады Tengrinews.kz. Негізгі күдікті - Өркеннің өгей шешесі 37 жастағы Шәрипа Ақбердиева, сондай-ақ, оның 22 жастағы ұлы Тимур Ақбердиев пен 20 жастағы қызы Айдана Ақбердиева, сонымен қатар, 16 жастағы Қадыржан Гулямов және Алматы метросының күзет қызметінде жұмыс істейтін 27 жастағы Руслан Муталиев.
Айта кету керек, судья айыпталушылар арасында кәмелет жасына толмаған баланың бар екенін білмейтінін айтып таң қалды. Қадыржан Гулямов Тимур Ақбердиевтің өгей інісі. Ол Шымкентте тұрады және 9-сыныптың оқушысы. Қояншық ауруымен ауыратыны да белгілі болып отыр.
Айдана Ақбердиева болса азаматық некеде, оның екі жасар баласы бар. Сот отырысы барысында ол өзінің екінші баласына аяғы ауыр екенін айтып өтті.
Ал, Қадыржан Гулямовтың қорғаушысы сот отырысының жабық режимде өтуін судьядан сұрады. Өзге адвокаттар мен күдіктілер де оның осынау өтініші қолдады. Алайда, судья Марал Жарылғасова бұл өтінішті қабылдаған жоқ.
Прокурор күдіктілерді тергеу уақытында 2 айға қамауға алуды сұраған болатын. Бірақ, Шәрипа Ақбердиева өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді.
"Ол ешкімді адам өлтіруге үгіттеген жоқ. Өркеннің әкесі балаға қарауын, мектептен алып кетуін сұраған. Ал, баланың өліміне оның еш қатысы жоқ", - деді күдікті әйелдің қорғаушысы Ержан Өмірбеков.
Күдікті Муталиев те ауыр қылмысқа өзінің қатысы жоқ екенін айтып отыр. Оның қорғаушысы Раушан Бейсенованың сөзінше, Руслан күдіктілерді тек тасумен ғана айналысқан. "Менің қорғауымдағы Муталиевтің бала өліміне еш қатысы жоқ. Ол тек күдіктілерді жеткізіп тастаған. Ол Өркеннің Шәрипаның баласы емес екенін де білмеген", - деді ол.
Ал, кәмелетке толмаған Гулямов болса қылмысты өгей ағасы мен өгей шешесінің ықпалынан кейін жасағанын мойындады.
Естеріңізге салайық, 6 сыныпта оқитын Өркен Азаматұлы 19 қаңтар күні жоғалып кеткен болатын. Оның өлі денесін полицейлер 22 қаңтарға қараған түні саяжайлардың бірінен тапты. Мәйітте зорлық-зомбылықтың белгілері бар. Оны қылмыскерлер қылқындырып өлтіріп, кейін бірнеше рет пышақтаған.