$ 498.34  519.72  4.85

ШҚО-да мектеп бағдарламасына салт-дәстүрге қатысты жаңа пән енгізілуі мүмкін

Шығысқазақстандық прокурорлар мен білім саласының мамандары мектеп қабырғасында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайында қосымша сабақ өткізілуі керек деп есептейді. Бұл жобаны қолдаушылар да табылып отыр деп жазады Хабар-24.

Енді білім ошақтарында «Қазақстан халқының әдет-ғұрыптары» атты факультативтік курстар енгізіледі. Мақсат – жас ұрпақты жат қылықтардан арылтып, тегі мен ұлттық болмысын тануға үйрету.

Бағдарламаның қолға алынуына себеп көп. Бір ғана Шығыс өңірінде 409 баланың қатысуымен арнайы сауалнама жүргізілген. Нәтижесі оқушылардың көбі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты білмейтін болып шыққан. «Тәрбие басы – талбесік» деген ұғымды берік ұстанған прокурорлар отансүйгіштік, намысшылдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттердің барлығы бала бойына ұлттық тәрбие арқылы сіңіріледі дейді. Ұлттық құндылықтардың уызына жарып өскен ұрпақ жаман әдеттерден де бойын аулақ ұсайды деген пікірде.

Ұзақ талқыланып, талдаудан өткен жобаны құптаушылар көп. Бүгінде Өскемен, Семей, Ұлан және Глубокое аудандарындағы 9 мектептің 5-сыныптарында тәжірибелік сабақтар өте бастады. Бастысы, арнайы курстың енгізілуіне ата-аналар дән риза. Өйткені ата-аналардың өздері де салт-дәстүр мен ұлттық рухани құндылықтарды біле бермейді. 

Авторлар оқушыны ұлттық құндылықтарға мектеп қабырғасынан қанықтырудың маңызы зор деген пікірде. Әзірге бағдарлама екі нұсқада әзірленген. Тиімділігін ақтағаны жаңа оқу жылынан бастап, жүйелі пайдаланылатын болады. Қанатқақты жобаға 17 сағат бөлінген. 

Амантай Шаймарданқызы, филология ғылымдарының докторы:

- Бұл – пән емес, факультативтік курс. Оның өзінде сынып сағаттарына тәжірибе ретінде енгізіліп отыр. Егер нәтижесі болса, мақұлданып жатса, онда жылдың аяғында бәрі қорытындыланып, келесі жылы факультатив ретінде 5-8 сынып аралығында енгізілуі мүмкін.

Білім министрлігі жобаны қолдап, жетілдіруді тапсырды. Курсты жүргізетін ұстаздар да сақадай-сай. Енді ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіретін жобаға ел болып қолдау білдірейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары