Астаналық полицейлер көлігімен жас жігітті қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні қолға түсірді деп жазады Today.kz. Қалалық ІІД-нің мәліметінше, 27 қаңтар күні Volkswagen маркалы автокөлік көше бойында қар тазалап жүрген ер азаматты қағып өтіп, ізін суытқан.
Аталған оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Бейнематериалдан көлік жүргізушісінің тежегішті баспағанын да аңғару қиын емес. Куәгерлер көп болса да қашып кеткен көліктің артынан ешкім қумаған.
Ал, жәбірленуші жігіт болса полицияға арызданбапты. Ол айтарлықтай дене жарақаттарын алмағанын айтып отыр. Дегенмен, тәртіп сақшылары оны полиция бөлімшесіне арызымен келуін сұрап отыр. Өйткені, жол ережесін өрескел бұзып, адам қаққан жүргізуші ұсталыпты. 47 жастағы ер азамат қазір тергеліп жатыр. Ал, оның көлігі айып тұрағына жабылған.