Белгілі журналист Еркеғали Бейсенов өзінің facebook-тегі парақшасында Астанада ашылған Журналистер саябағын сынға алды, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, стеллаға жазылған БАҚ атауларының ішінде ауыз толтырып айтар тарихы бар «Астана ақшамы» газеті жоқ.
Астананың 25 жылдығы қарсаңында қала әкімдігі Журналистер саябағын ашты деп бөркімізді аспанға ата бастап едік. Қайта қағып алдық. Өйткені ондағы стеллаға қашап жазылған БАҚ атауларының ішінен елорданың бас газеті – «Астана ақшамын» көре алмадық. Кейін ашылған жекеменшік сайттардың өзі тұр. Оларға қарағанда, бұл басылымның ауыз толтырып айтар тарихы бар еді ғой, оу, жарандар!
«Астана ақшамы» газетінде менің де өз қолтаңбам бар. Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменнің бас редактор кезінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарғанмын. Тасқа басылған мақала, сұхбат, сараптама, сатира сынды дүниеміз тарих қойнауына кетті. Кітапханаларда жатыр, - дейді ол.
Ал қазір бірінен соң бірі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылып жатқан сайт дегенің не? Электронды БАҚ қой! Бүгін бар, ертең жоқ. Жабылса, ұмытылады да қалады...
Осылайша, елорда әкімдігі өте ұят тірлік жасады. Мерейтой – Астананың 25 жылдығы. Ал «Ақмола ақиқаты» кезінен бастап осы қаланың «көзі, құлағы һәм тілі» болып келе жатқан оның бас газетінің кейінгі бала-шағаның үйде отырып аша салған жеке сайттары қатарынан да көріне алмағаны – 21-ғасырдың қойнауына қалай болса солай еніп кеткелі тұрған қара таңба! Әлі де кеш емес шығар, - деп жазды журналист.
«Астана ақшамы» газетінің қазіргі бас редакторы Еркін Қыдыр мен оның бірінші орынбасары Ғалым Қожабеков те бұл мәселеге бейжай қарай алмай, өз пікірлерін білдірді.
Мысалы, Еркін Қыдыр пікірін: «Біразы жабылып қалған газеттер екен, содан ырымдаған шығар», - деп астарлап жеткізсе, Ғалым Қожабеков: «Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» дейтіні осындайда айтылса керек», - деп күйінді.
Бұл сынға Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов жауап берді. Шенеунік өздерінің төл басылымдарын стеллаға жазуды «ұмытып» кеткендерін еріксіз мойындады.
Олқылықты көрдік. Мойындаймыз. Жөндейміз, - деп жауап берді ол.