$ 444.22  476.38  4.82

Ақтөбелік имам өз сөзінің бұрмаланғанын айтты

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан діни киімдермен күресіп жүрген мұғалімдерді "білімсіз" деп сөкпегенін айтты. Бұл туралы "Нұр-Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұған дейін Tilshi.kz порталы бас имамның студенттермен болған кездесуі туралы ақпарат беріп, оның хиджапқа қарсы мұғалімдерді "білімі таяз" деп айтқан сөзін жариялаған болатын. Т.Оспан болса өз сөзінің бұрмаланғанын мәлімдеді.

"Төлеби Оспан расымен де Жұбанов атындағы АМУ-нің студенттерімен кездесіп, орамалға қатысты сұрақтарына жауап берді. Алайда, мұғалімдерді "білімі таяз" немесе "сауатсыз" деп айтқан жоқ. Ол ҚМДБ-нің ережелерін негізге ала отырып жауап берді. Атап айтқанда, ол мұсылмандар қоғамы мен ата-аналарды оқу орнының киім үлгісіне қатысты талабына түсіністікпен қарауға шақырды", - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Имамның айтуынша, мұсылманның 40 міндетінің бірі - баланы мемлекеттің заңдарына сай етіп тәрбиелеу. Ол сондай-ақ, балалары оқитын оқу орындарының ішкі тәртіптеріне де бағынуға шақырып отыр. Яғни, қос тарапты да сабыр сақтауға үгіттеді.

"Бірақ, имам кейбір мұғалімдердің ата-аналармен ымыраға келудің орнына жағдайды одан сайын ушықтыратыны туралы да айтып өтті. Алайда, оларды "білімі таяз", "сауатсыз" деп сөккен жоқ", - дейді мешіт өкілдері.

Т.Оспан керісінше, орамалды әдемі етіп тағып жүруге кеңес берген көрінеді. Өйткені, қазақтың дәстүрінде қара жамылып немесе бетін бүркеп жүру еш болмаған дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары