Семей қаласының әкімі Ермак Салимовтың халық алдында есеп беру жиынына арнайы келіп қатысқан ШҚО әкімі Даниял Ахметов жиында тіл мәселесіне тоқталып өтті. Оның пікірінше, шығысқазақстандықтардың қазақша және ағылшын тілдерін үйрене алмауына жергілікті мұғалімдердің төмен білім деңгейі себеп екен. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.
Әкімнің айтуынша, облыс аумағында арнайы зерттеу жүргізіліп, оған мыңдаған мұғалім қатысқан.
«Біз талдау жүргіздік. Оған әр түрлі тілден сабақ беретін 3 мыңдай мұғалім қатысып, тест тапсырды. Нәтижесі нашар. Мәселен, ағылшын тілінің мұғалімдері ағылшыншаны өздері де білмейді. Үштілділік – болашаққа бастар жол. Алайда, ол жолға сапасыз білім бағдарламасы кедергі болса біз қазіргі қолда бар нәтижеден ары аса алмаймыз. Біз 25 жыл бойы балаларымызды қазақшаға үйрете алмай келеміз, өйткені, қазақ тілі пәнінде де дәл осындай проблема бар», - деді Дания Ахметов есептік жиын кезінде.
Дегенмен, жиынға келген тұрғындарды тіл мәселесінен гөрі әлеуметтік проблемалар көп алаңдататыны байқалды. Семейліктер әсіресе, жылу мәселесі бойынша жиі сұрақ қойып, әкімнің кезекті уәдесін арқалап қайтты. Д.Ахметовтың айтуынша, Семейде жылу беру мен ыстық су проблемасы жақын уақытта шешілуі тиіс. Жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға берілгеннен кейін тозығы жеткен қазандықтар істен шығарылады.
Жалпы, 1,5 сағатқа созылған жиында тұрғындар ондаған сұрақ қойып үлгерді. Жылу мәселесінен бөлек қаладағы бей-берекет салынған құрылыс мәселесі де семейліктерді алаңдатады екен. Жаңа ғимараттар ескі үйлердің терезелерін жауып, онсыз да тар көшелерде жүруді қиындатқан. Облыс әкімі болса алдағы күндері арнайы рейд жүргізіп, мұндай нысандарды анықтап, иелеріне шара көруге уәде етті.