$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде қыздарына қызметті сатып әпермек болған шенеунік сотта жеңіліп қалды

Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған Алмат Ермағамбетов екі қызына қызметті сатып әпермек болғаны үшін өзі жұмыссыз қалғаны көпшіліктің есінде. Алайда, басшыларының бұл шешімімен келіспеген шенеунік артынша сотқа арыз жазып, лауазымын қалыпқа келтіргісі келген еді. Сондай-ақ, ол жұмыссыз жүрген 2 айы үшін 500 мың теңге өтемақы төлеуді де талап еткен болатын.

"Ол кезекті еңбек демалысында жүрген кезінде қызметінен қуылған. Өзінің жұмыссыз қалғанын ол тек желтоқсан айының соңында ғана білді, бұл заңсыз", - дейді экс-шенеуніктің қорғаушысы Раушан Ізтілеуова.

Алайда, сот Алмат Ермағамбетовтің талап-арызын орындаудан бас тартып отыры. Яғни, оның қызметтен қуылуы заңды дейді судья.

Естеріңізге салайық, бір қызын Назарбаев университетіне, екінші қызын Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа тұрғызбақ болған А.Ермағамбетов таныс әйеліне 20 мың доллар берген болатын. Ақшаны алған әйел сол күйі ізін суытқан. Артынша "алаяққа алдандым" деп ішкі істер органдарына арызданған шенеунікті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сынға алса, артынша ол қызметінен де қуылған еді.

"Ақшаны ол пара ретінде бермеген. Бұл ақша Назарбаев зияткерлік мектебіне орналасу үшін қажетті дайындық курсына деп берілген. Оның үстіне, бұл мәселемен өзі емес әйелі айналысқан. Алайда, бүтін бір отбасы зардап шеккеннен кейін полицияға өзі барып арызданды", - дейді қорғаушы Раушан Ізтілеуова.

Ал, ақшаны алған Ботагөз Биекенова есімді күдікті әйел болса қазір сотталып жатыр. Оған алданғандар саны 5 адамды құрайды. Келтірілген шығын - 17 миллион теңге.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары