Алматылық полицейлер 8 жасар қызды көлігімен қағып өлтірген жүргізушіні ұстады деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі. Ұсталған азамат 44 жастағы Алғабас елдімекенінің тұрығыны болып шықты.
"Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде 1973 жылы туған Алғабас елдімекенінің тұрғыны анықталып, ұсталды. Оқиғаға себеп болған "Мазда-626" көлігін ол көрші Көксай ауылындағы туыстарының үйіне апарып жасырған. Аталған көлік заттай айғақ ретінде тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары басталып кетті", - делінген полицейлер таратқан хабарламада.
Ұсталған азамат өзіне тағылған айыптарды мойындапты. "Ол оқиға орнынан қорыққандықтан қашып кеткенін айтты. Сондай-ақ, күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны да белгілі болды", - дейді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Ерік Насырбеков.