Алматыда араға апта салмай, бала өліміне әкеп соқтырған тағы бір жантүршігерлік жол апаты болды деп хабарлады КТК телеарнасы. Кешкі уақытта жолаушылар жолағынан өтіп бара жатқан оқушыны бір көлік қағып өтіп, қатар келе жатқан екіншісі таптап өткен. Ауыр соққыдан 5-сынып оқушысы сол жерде жан тапсырыпты. Ал, жаяу адамды басып өткен жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Сұмдық жол апаты өткен сенбі күні қар аралас жаңбыр жауған кеш қараңғысында болған. Жеткіншек жаяуларға рұқсат етілген жерден жолдың келесі бетіне өтпек болыпты. Алайда жолдағы адамды көрмеген бірінші жүргізуші оны қағып, екіншісі басып өтіпті. Басып өткен көлік сол жерден тайып тұрған.
Жазатайым көз жұмған бала анасынан ерте айрылып, әкесінің қолында өскен екен. 5-ші сынып оқушысы былтыр ғана Астанадан Алматыдағы әкесімен бір туған әпкесінің қолына келіпті. Ал із суытқан екінші көлік алдын ала болжам бойынша қаладағы такси қызметтерінің біріне қарасты болуы мүмкін. Полиция өкілдері оны бір жарым сағаттан соң ұстаған. Алайда жүргізуші өзіне шаң жуытпады.
Жүргізушінің екеуі де қазір күдікті ретінде қамауға алынған. Олардың нақты кінәсі мен оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты дерегі бойынша және оқиға болған жерден қашып кету деректері бойынша.
Бұл Алматыда жыл басынан бері адам өліміне әкеп соқтырған екінші ірі жол апаты. Екеуінде де оқушы бала көз жұмып отыр. Айта кетсек, өткен аптада ғана Айнар Дәулеткелді есімді бірінші сынып оушысы мектеп жанында жол апатынан көз жұмған еді.