Түркістанда полиция қызметкері бағдаршам тұсында тұрған 22 жастағы жігіт пен 7 жасар қызды қағып кетті. Жол апаты салдарынан жеткіншек оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Түркістан қалалық прокуратурасының мәліметінше, қайғылы оқиға 1 наурыз күні күндізгі сағат 11.30-дар шамасында Тәуке хан даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысындағы бағдаршамның тұсында болған. Жол жиегінде тұрған туған ағасы мен қарындасын «Мерседес бенц-230» маркалы жеңіл көлік қағып кеткен. Қатты соққымен екеуін де екі жаққа ұшырған көлік, артынша «Нексия» машинасына соқтығысқан. Жеті жасар Дильфуза Нарметова сол жерде жан тәсілім етті. Жарақат алған ағасы Қадыр Нарметов болса түрлі дене жарақаттарымен қалалық орталық ауруханаға түсті. Анықталғандай, рульде болған жүргізуші Түркістан стансасы ішкі істер желілік бөлімі патрульдік полициясының 24 жастағы қызметкері Еркебұлан Дәрменов екені анықталды.