$ 444.14  477.05  4.85

34 жетім баланы асырап алған Әмина қажының үйін кім тартып алмақшы?

Ақырында не істерін білмей, "неге мал ұстайсыңдар?" дейді. Енді сонша бала бар, мал ұстамай не істейміз?

Соңғы 30 жылға жуық уақыт ішінде ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды бауырына басқан Әмина қажыны бүгінде аяқтан шалатындардың қарасы күрт көбейген. Тіпті таяуда оның өзі басқаратын жетімдер үйін тартып алуға әрекеттенгендер де болыпты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Қалың көпшілікке "қажы апа" атымен жақсы таныс Әмина Әжібаеваның жетім балаларды асырап, қамқорлығына алғанына 30 жыл толады. Жуырда мемлекеттік мекемелер дәл осы "Перзент" балалар үйін тексеріп, басшысын қыспаққа алыпты. 

Досымыздан дұшпанымыз көп. Осыдан бір-екі ай бұрын бізді Үкімет тексерді. Салық, өрт сөндіру бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ветеринарлық комиссия, білім бөлімі, прокуратура, дін істері басқармасы, көші-қон, жалпы Қазақстанда қанша тексеріс орны бар, солардың бәрі осы үйге таң атпай келіп, бүкіл үйдің быт-шытын шығарды. Ақырында не істерін білмей, "неге мал ұстайсыңдар?" дейді. Енді сонша бала бар, мал ұстамай не істейміз? Екі бұқа мен екі жылқы бар еді соған да тиісті. Мына үйге көз тіккендер бар. Қазақстанда жетім-жесірге қарамайды ғой, тартып алса болды ғой, — деп ашуланды Әмина апа.  

Алайда балалар үйін тексергендер құжаттан ешқандай олқылықты таппаған.

Бірақ мен айттым: "Маған тістерің өтпейді. Маған бұл үйді Марғұлан Сейсембаев, Асқар қажы Әбітайұлы бастаған төрт ағайынды берген. Осы үш қабатты үй бұрынғы құс фабрикасының кеңсесі болған. Сол кезде бізге берген кезде мен Марғұлан Сейсембаевқа айтқанмын: "Марғұлан балам, мен ұйғырмын. Ертең бір-біріңмен таласқанда бұл үйді менен тартып алады. Сол үшін мына үйді менің атыма жазбай, балалар үйінің атына жазып тастаңдар. Жетім балалар үйіне тиіссе мен бүкіл баланы көтеріп, мына тас жолды жауып тастаймын. Назарбаев келгенше сол тас жолда отырмын. Жетімдер үйі – алып күш! Ал мен жай ғана кемпірмін" дедім. Сол кезде қырылысып отырып, осы үйді балалардың атына жазып тастағанмын. "Итке келген күн, битке де келеді" демекші, мына күннің осылай болатынын мен білгенмін. Бұл үйге көзі түскен ғой. Әйтпесе олардың бұлай тиісуге құқығы да жоқ, — дейді Әмина қажы. 

Десек те, мемлекеттік мекеменің қызметкерлері Әмина қажы басқаратын балалар үйінің қарыздарын есептеп, аямай айыппұл салыпты. 

Бұлар тартып ала алмағаннан кейін ақшамен айыппұл салды. Бәрін төлеп шықтық. Қайдан төледік? Балалардың газына, электр жарығына жинаған ақшадан төледік. Обалы болса, соларға болсын. "Әй, тоқта, мынау бір кемпір екен. Осы кемпір балаларды бағып отыр екен. Біз қай бетімізбен бұларға айыппұл саламыз, бұлар Үкіметтен ақша алмаса, қай ақшасынан аламыз? Қылышын салақтатып қыс келе жатыр" деп біреуі аяған жоқ. Әлі күнге дейін айыппұл төлеп жатырмыз. Мұның бәрін Үкімет салып отыр, Үкіметтен басқа кім салады? Үкіметтен ақша алмаймын, бірақ маған айыппұл салады. "Жарайды, аузы қисық болса да байдың қызы сөйлесін" дедік. Қанша сөйлейді екен, көрейік!, — деді қажы апа. 

Үкіметтің тексерісінен әбден қажыған Әмина қажы бәрінен көңілі қалып, басқа мемлекетке кетіп қалғысы келгенін айтады.   

Қатты жүрегім ауырды. Австралияда ұйғырларым: "Қайт, қажеке, қайт. Қажеке, көшіп келсеңші" деп айтатын. Ал мен: "Нем бар, әке-шешем осы жерде жатыр, сіңлім де осы жерде жатыр. Мен бармаймын, Қазақстанда қаламын" деп айтатынмын. Сол күні қатты ренжіп, кетіп қалайын дедім де, ойланып қалдым. Ертең не деп айтады? "Ол кемпір жетімдер үйінің ақшасын алып, қашып кетіпті" дейді. Менің үйімді сатып, мешіт салғанымды ешкім айтпайды. Ұрлап кетті дейді. Себебі бізде барлығы ұрлық қой. "Мама, ертең қандай сөзге қаласыз? Жасыңыз болса 70-ке келді. Қойыңыз, мама! Ашуыңызды бір жолға беріңіз"  деп қыздарым да жылады. Содан кейін қалдым. Күресейін, менімен қаншалықты күреседі екен деп қалдым. "Бұл кемпір ақшаны қайдан алып жатыр, мына мешітті қай ақшасына салып жатыр?" деп маған неше түрлі сындар айтылады, — дейді балалар үйінің басшысы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 62
Ұнамайды 3
Күлкілі 0
Ашулы 12

Серіктес жаңалықтары