Сонымен қатар оған қоғамдық орынды ластағаны үшін айыппұл салынды.
Елордалық блогер Біржан Әубәкіров тірі қойды сүйреп, Астананы аралады. Сол үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 күнге қамалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видеоны блогер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Астана қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 24 қазан күні болған.
2023 жылдың 24 қазанында 25 жастағы астаналық блогер әлеуметтік желілер арқылы жұрттың назарын аударғысы келіп, «Азия Парк» сауда орталығында тірі қоймен қыдырып, тіпті қоғамдық көлікті пайдаланбақ болған, - делінген ПД хабарламасында.
Ведомствода атап өткендей, оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеп соқты.
Блогер ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 407-1-бабы жануарларға қатыгездік жасағаны үшін және 434-2-бабы қоғамдық орынды ластағаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлады елорда полициясы.