«Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын,» - Әлихан Бөкейхан.
Бүгін халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханның туған күні, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылдың 5 наурызында дүниеге келген. XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы.
Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед тарайды.
Әлихан жасынан зерек, алғыр болып өскен. Әкесі оны Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың оқуына берді. Бірақ кішкентай Әлихан молданың оқуына қанағаттанбай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке өз қалауымен ауысады. Оны бітіргеннен кейін Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған метепте жеті жыл оқыған. 1886 жылы Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман институтының экономика факультетінде білім алды. Дәл сол студенттік шақта сан алуан қозғалыстарға белсенді түрде араласқаннан кейін жандармерияның назарына ілікті, "саяси сенімсіздердің" қара тізіміне енді.
Әлихан Бөкейхан Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да алып шыққан. Ал оқудан кейін Омбы қаласына қайта оралып, орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен оқытушы болып жұмыс істейді. Сол кезде "Степной край" газетінің редакция алқасына кіреді. Орыстың императорлық жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің қызметіне қызу араласады. Осы бөлімнің басқару комитетіне де мүше болады.
1905 жылы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Н. Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды.
Абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Н. Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды.
Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастырған. 1917 жылдың желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.
Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.
"Қазақтар петициясының" басты ұйымдастырушысы әрі негізгі авторы – Әлихан Бөкейхан. 14 500 адам қол қойған құжатта халық қазақ отырған жерлердің қазақтың меншігі болып саналатынын патша өкіметінен мойындауды, қазақ балалары білім алатын барша бастауыш мектептерге ана тілі мен жазуын енгізуді, қазақ тілінде газет шығарып, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті. Әлихан Бөкейхан бұл талаптарды Петербургтің "Сын отечества" газеті мен Омбының "Иртыш" газетінде жариялады. Халық "Алаш" пратиясын қолдады 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Ол Ақпан төнкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Алаш партиясы Қазан төңкерісінің қарсаңында Ресейдегі 50-ге жуық партияның ішінде сегізінші орында тұрған еді. Алайда көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Әлихан Лениннің кеңсесінде қалды 1920 жылы қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгiлеу жұмысы қаралған комиссияның бірнеше отырысы өтедi. 24 тамызда өткен соңғы қорытынды жиында Ленин қаулының дайын екенiн, Әлiмхан Ермековтiң қайта жасалған баяндамасы бойынша заңдастыру қажет екенiн айтып, шешiм шығарады. Әлiмхан өз естелiгiнде Әлихан Бөкейхановтың осы жиыннан кейiн Лениннiң кеңсесiнде қалып қойып, бекiтiлген шекараға тездетiп қол қоюын өтiнген екен. Себебi, сол тұстарда таласқа түсiп жатқан облыстардың жетекшiлерi тағы да ұсыныстар жасап, Сталинге кiрмек ниетте болған көрiнедi. Ұлт көсемi Әлихан осыдан секем алса керек, тезірек заңдастыруға асыққан. Осылайша, "Қырғыз АКСР-iн құру және оның территориясын белгiлеу туралы декрет" рәсімделді. Сол жылдары Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділеріне "кешірім" жасалып, большевикттік қызметтерге жіберіле бастайды. Бірақ Әлихан большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Сол үшін абақтыда жабылды.
Семей түрмесiнен босап шыққаннан кейін, большевиктер оны туған елінен барынша алыс ұстауға тырысады. Сөйтіп, 1922 жылдың күзінде Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар істері жөніңдегі Халық комиссариаты жанындағы орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды. "Туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді" 1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол атылып кеткенде қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбасы, сондай-ақ, насыбай шақшасы ғана қалған.
Әлихан "туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді" деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратын. Алайда, оған да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Жезқазғандағы түсті металдар кенін игерудің бастауында тұрған оның ұлы Оқтайдың да қайда жерленгені белгісіз. Оқтай шамамен 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтті. Алаш қайраткері Қошмұхаммед Кемеңгерұлы "Қазақ тарихынан" деп аталатын тарихи очеркінде: "Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан", – деп жазды.