Қоғам 19.08.2014 сағат 04:23

Шудың суы құрғап, жамбылдық шаруалардың жағдайын қашырды

Жамбыл облысындағы шаруалар тіршілік көзінен тарығып отыр. Еккен егін өнім бермей, дәнді дақылдар қурап қалған, деп хабарлайды «31 арна».

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бұған дейін аталған облыстың Қордай ауданында диқандар су тапшылығын айтып дабыл қаққан. Екі ауданға да көршілес Қырғыз елінен келетін су көлемі күрт азайып, егіс алқаптары құрғап кеткен. Ал Қырғыз билігі өзімізге су жетпей жатыр, сондықтан Жамбыл облысына берілетін су көлемін шектейміз деп мәлімдеген. Әуелі Қордай ауданына келетін суды тежеп, енді Меркі ауданына келетін арналарды бөгепті.

Меркі ауданының шаруа қожалықтары мен дихандар көктемде еккен егін, оған төккен тер далаға кетті деп күйініп отыр.

— 1000 гектардай арпа жоқтың қасы. Ақшаны алдық та поляға апарып тастадық. Соның үштен бірін ғана әкелдік. Көпшілік малға қарап отыр. Мал бар жерде су керек, — дейді «Байтүгел» шаруа қожалығының жетекшісі Ноғайбек Телтаев.

Ұсақ малдар бір ұрттам су ішуге 10-15 шақырым жерді артқа тастап келді. Салқын әрі таза ағын судың орнына осы борсыған көлшікті қанағат тұтуға мәжбүр.

«Қырғызстаннан ағып келетін Үлкен Шу арнасының табаны кеуіп жатқалы үш жылдың жүзі болған. Жергілікті дихандар тым болмаса сыздықтатып су ағызып қойса екен деген тілекте. Алайда бұл мемлекет деңгейінде шешілетін мәселе екен. Суға жауапты аудандағы атқамінерлер «біздің қолдан келер шара жоқ» дейді. Таудан келетін өзен сулары да екі есеге азайғанын айтып, қырғыздардың көңілін бағудан басқа амал жоқ дегенді жеткізді. Айтуларынша, көрші ел екі арадағы келісімді де бұзып отыр», делінген телеарна сюжетінде.

— Үлкен Шу арнасы арқылы Қырғызстаннан су келу керек. Қырғыздармен келісімшарт бар. Олар 5-6 куб су беру керек. Биыл бір куб та су берген жоқ, — дейді Меркі ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев.

Дегенмен, шаруалар көрші елдің су жоқ дегені негізсіз дейді. Сарқырап аққан өзен мен ондағы судың мол қорын өз көздерімен көріп келгендерін алға тартады. Ауданның ең шетінде орналасқандықтан назардан тыс қала береміз дегенді жеткізді тұрғындар.

— Шындықты айту керек, аудан әкімдері жүгіріп жатыр дейді қырғыз ағайынға. Қырғыз ағайында су көп, өзіміз көзбен көріп жүрміз. Мына Чалдоварда 50 кубтай су жатыр, — деп атап өтті ауыл тұрғыны.

Бұған дейін қырғыз билігі Ортотоқой су қоймасында су қоры мүлдем аз деп мәлімдеген. Ал зардап шеккен дихандар мәселеге үкіметтің араласуын талап етеді. Су сұрап Қырғыз еліне жалтақтаудан жалыққан жергілікті билік тау өзенінің алдын бөгеп, суқойма салуды ойластыруда.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар