$ 494.87  520.65  4.91

Америкалықтар асырап алған қазақ қыздары туған топыраққа қонақтап келді

Оралға Америкадан ерекше қонақтар келді. Он жыл бұрын Батыс Қазақстандағы балалар үйінен қазақтың екі қаракөзін асырап алған америкалық отбасы өсіп қалған қыздарға туған жерлерін көрсетпекке бел буыпты, деп хабарлайды 7 арна.

Шетелдіктер асырап алған сәтте Әселгүл он айлық, ал Әлия бір жаста болған екен. Қазір екеуінің де есімі өзгерген.

«Оралдық қыздарды асырап алған отбасы оларға Мишель-Әселгул Беннет және Аманда-Әлия Беннет деп ат қойыпты. Вашингтонды мекен ететін қос қаракөз бастысы өздерінің қазақ екендерін естен шығармапты», делінген телеарна сюжетінде.

Лондонда жазғы олимпиада ойындары өткен сәтте де, екеуі Қазақстан құрамасына жанкүйер болған. Содан бері туған жерлерін бір көруге аңсарлары ауыпты. Елге келер кезде қазақтың кейбір сөздерін де үйреніп алған.

— Мен Қазақстанға келіп таң қалдым. Біздің туған жеріміз өте әдемі екен. Ең бірінші Астананы аралап қайттық. Керемет әсер алдым, — дейді Әселгүл.

Он жастағы қыздар туған жерге келгендеріне ерекше қуанышты. Әселгүл өте өжет әрі мінезі ашық екен. Ал Әлия көп сөйлемейтін, ұяң қыз болып өсіп келеді.

Америкалық әкелері әскери салада ұстаз, аналары қорғаушы болып қызмет етеді. Қос қыздың Вьетнамнан асырап алынған тағы қос бауыры бар.

— Біз қыздарымыз өздерінің Отанын көрсін деп ертіп келдік. Биыл Әселгүл мен Әлия он жасқа толды. Өздері де осы жаққа келіп кетейік деп көп өтініш білдіріп жүрді. Екеуі осындай әдемі елдері барын мақтан тұтады, — дейді қыздардың әкесі Брайан Беннет.

Америкалық отбасы облыстық перинаталдық орталықта да болып қайтты. Бір қызығы, бұл екі қызды босандырып алған акушер мамандар әлі күнге осы жерде жұмыс істейді екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары