Кеше Ақмола облысы Щучинск қаласында бас бостандығынан айырудан бөлек қылмыстық жазаларды қолдануды жетілдіру жөнінде екі күндік семинар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыста сотталғандарды рессоциализациялау және «түрме тұрғындарын» азайтуға бағытталған пробация қызметінің тиімді жұмысы туралы айтылды. Ол үшін оларға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсету ресурстарына ие жазаны орындау және жергілікті атқарушы органдармен тығыз бірлескен іс-қимылдарға көшу керек.
«Отырыстың жеке бөлігінде 2014 жылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап заңды күшіне енетін жаңа Қылмыстық-атқару кодексінің (ҚАК) негізгі новеллаларына қатысты мәселелер талқыланды», делінген хабарламада.
Мәселен, жаңа ҚАК-нің күшіне енуімен қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметі атауына өзгертілді. Бұл қызметтің функциясына бас бостандығынан айырудың мынадай баламалы шараларын жүзеге асыру кіреді: белгілі бір лауазымды иелену немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, бұл жазаның өмір бойы бас бостандығынан айыру мерзімінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту, бостандығын шектеу, шартты түрде сотталғандардың, жүкті және жасөспірім балалары бар сотталған әйелдердің, жалғыз өзі жасөспірім балаларды асырайтын ер азаматтың, сот жазасын өтеу мерзімін ұзартқан адамдардың жүріс-тұрысын қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік марапаттарды тәркілеу.
Семинар қорытындысында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен пробация қызметтерінің өзара тиімді байланыстарына қатысты ұсыныстар қабылданды.