$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде азан даусын ести сала мешітке жүгіретін ит бар

Шалқар ауданы Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов оны бір жыл бұрын асырап алған, деп жазады qasym.kz сайты.

Төбетпен шатысы бар қайынқаптал екен, қазақы ит. Үйден алыс емес жерде, шамамен 200 метр қашықтықта мешіттен азан дауысы шыққан сайын, иті тыпырлап, қыңсылайтын болса керек. Бір қызығы ол аулада жүргенде де, көшеге шыққанда да өзге иттер секілді адамдарға қарап үрмейді екен. Момындығы сол, үйге бөгде кісі келсе де, қасына бұлғаңдап барғанымен, еш дыбыс шығармайтын көрінеді.

— Бастапқыда үйренісе алмадық. Далада сәкіде шай ішіп отырғанымызда, итіміз орнынан атып тұрады да мешітке қарай құстай ұшады. Рас, алғашында мән бермедік. Қарап отырсақ, тек азан уақытында ғана жүгіреді. Содан ауыл тұрғындары итіміздің мешіт маңын айналшықтап жүргенін айтып жүрді. Бақсақ, намаз уақытында ұлып дауыс шығарады. Ұлыды дегенде, әдетте иттер ұлығандай емес, басқаша ұлиды. Қазақта ит ұлыса жаман болады дейді ғой. Әсіресе түнде, айға қарап ұлыса, дереу ондай иттердің басын қағатын болған. Ал біздің иттің ұлығаны басқаша шығады. әрі жаман дауыс деп айта алмас едім. Жамағат намаз оқып болғанда, біздің ит те екі жаққа сәлем бергендей қимылдар жасайды. Ауыл имамымен нағашы-жиен болып әзілдесе беремін. Кейде көріп қалсам, менің итім сенің әріптесің болды ғой деп ойнап айтамын. Содан кейін «шынымен, намаз уақытында мұның да құлшылық етіп жүргені емес пе екен» деп ойланып қаламын, — дейді Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов.

Оның айтуынша, азан даусын естігенде жүгіріп кететіні олар үшін таңсық болмай кеткен.

— Жалпы, су колонкасының басында кішкене су жиналып қалады. Сол жерге барып, ауылдың өзге иттері секілді аунап қайтатыны бар. Ал өз алдына мысық секілді жуынып жүргенін, шынында, көрмедім. Бастысы тамақты таңдап жейді. Енді үйдің тамағын береміз ғой, — дейді иесі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары