Астана қаласының ІІД ӘПБ жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылау кезінде бір аптада жол қозғалысы ережесін бұзудың 6 мың фактісін тіркеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына қалалық Әкімшілік полиция басқармасынан хабарлады.
Заңбұзушылықтардың басым бөлігін көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, басып озу ережелерін бұзу, қарсы бағытқа шығу, маневрлеу, жол қиылыстарынан және жаяу жүргіншілер жолынан өту және т.б. құрайды.
Келтірілген деректерге сүйенсек, бір аптаның ішінде жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 689 жағдайы тіркелді. Қауіпсіздік белдігін тақпаған 340 жүргізуші ұсталды. Басып озу, маневрлеу ережелерін бұзудың 308 фактісі, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 60 фактісі анықталды. 69 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Атмосфераға зиянды заттар мен өңделген газ тастаумен байланысты 140 бұзушылық тіркелді. Жолдың тыйым салынған бөлігінен өткені үшін 542 жаяу жүргіншіге 5 млн. теңгеге айыппұл салынды.