$ 448.15  483.46  4.86

ӘЛЕМДІ ... ЖЫН КЕЗІП ЖҮР

Шашы мен мұртын алып тастасаңыз түрі аумаған уахаб болып шығатын Карл Маркс деген шал бір кездері «Еуропаны елес кезіп жүр» депті. Қалай болғанда да, «қарт» құрлықты бірнәрсенің кезгені рас, алайда, ол ешқандай да елес емес еді. Маркстің елес деп отырғаны кәдімгі  жын болатын. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал оның жын екенін білмеді емес, білді. Білетіні, ол жын өзінің және мүдделестерінің жыны еді, тек оларын айтарға «коммунизм елесі» деп әдемілеп қойды. Осылайша ол жын тұтас адамзаттың көзіне коммунизм болып көрінді, коммунизм болып елестеді.

Сол бір жылдары Еуропаны ғана кезген елес бүгінде бүкіл әлемді кезіп жүр. Әрине, жылдың әр мерзімінде жаңаланып отыратын модалар секілді  Батыс әлемі де ол жындарының уақыт өткен сайын формасын өзгертіп отырады. Дүниедегі ақпарат құралдары қолында болғандықтан жынмен күрескендерді жындыдан әрі қылып жіберетіні тағы бар.

Әлемді о баста коммунизм туралы ертегі айтып тербеткен Батыстың бүгінгі негізгі қаруы дін болып тұр. Сосын қазақшасын айтқанда, еркекшора қатындар мен әтек еркектер. Батыстағылар секілді  транссексуал деп, гей деп әспеттегенде оларыңыз қазіргісінен әдемі болып кетеді ғой дейсіз бе?!

Бүгінде біреулер ИШИМ деп, біреулер ИГ деп жүрген, өздерін Ислам мемлекеті деп атаушыларға қарсы Сэм ағай қыркүйектің ортасы ауа жойқын шабуыл бастады. Алайда, Сирияда Башар Асад билігіне қарсы соғысып жүрген, өздерін жиһадшымыз деп есептейтін осынау топ бір күнде өзінен өзі пайда бола салған жоқ. Бұл «діннің» артында Батыстың өзі тұр. «Артында өзі тұрса неге қан төгіседі?» дейсіз бе? «Әлемге демократия таратушылар» жетіскеннен бұл қадамға барған жоқ. Өздері «дін» деп ат қойып, айдар таққан жындары құмырадан шығып кетті. Олары құмырадан шыққаннан кейін де өзімен өзі жүрсе бір сәрі ғой, Шам мен Бағдаттың астындағы мұнайға, яғни Батыстың «ырзық-несібесіне» ауыз сала бастады емес пе?! Осылайша бір кездері Еуропаны кезген жын бүгінде әлемді емін-еркін жайлап алды.

Дін – дінімен, жын – жынымен. Өткен аптада ғана Сербия астанасы – Белградта гейлердің ұланасыр парады өтті. Әрине, қазір мұндай «парадтармен» ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Екі күннің бірінде, он қаланың сегізінде өтіп жатқан парад... Алайда, бұл парадтың жөні де, жосығы да бөлек болып тұр.

Белградтағы гей-парадқа қатысушы жүздеген азғынның қауіпсіздігін әуеде  тікұшақтармен, жерде броньді техникалармен мыңдаған полиция қызметкері қамтамасыз етіп тұрды. Қызтекелердің салтанатты шарасына Еуроодақтың Сербиядағы делегациясының жетекшісі Майкл Давенпорт, АҚШ-тың осы мемлекеттегі елшісі Майкл Кирби, Еуропарламенттің мүшесі Терри Рейнтке, Батыстың басқа да «игі жақсылары» арнайы қатысты. Олардың қатарын вице-премьер Кори Удовички, мәдениет және ақпарат министрі Иван Тасовац, Белградтың мэрі Синиша Мали секілді Сербияның өздерінің «шынжыр балақ, шұбар төстері» толықтырды. AFP агенттігінің хабарлауынша осынау гей-парад Сербияның сексуальді азшылық өкілдерін (аттары қандай жаман еді!) қолдайтын Еуроодақ қатарына қабылдану үшін келіссөздер жүргізе бастауына орайластырылып өткізіліп отыр екен. Әрине, өз елдерінде осындай жиын өткізуге сербтердің консервативті қозғалыс өкілдері мен православия шіркеуі жан-тәнімен қарсы болған.Алайда, мына заманда олардың сөзін тыңдап жатқан кім бар?! Міне, жынның құмырадан шығып кетуінің тағы бір мысалы!

Күйректікке бой алдырғанымыз емес, кейде әлем ендігі түзелуден кетіп қалғандай көрінетіні бар. Кезінде Шәкәрім атамыз да ақ қағазға  

Еуропа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан ол да мүлде.

Терең ойлап, сөзімнің түбін біл де,

Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де, - деп сыр қалдырыпты. Қарап отырсаңыз одан бері де жүз жылдың шамасындай уақыт өткен. Батыстың жүз жыл бұрынғысы әлгінде Шәкәрім атамыз айтқандағыдай, қазіргісінен не сұрайсыз?!

Қалай болғанда да, әлем Құдай болмаса, адамның түзеуінен кетіп қалды. Кезінде қойны-қонышымыздан кірген жын бүгінде төбемізде отыр. Сондықтан өзіміз мықты болмай қиын. Себебі әлемді жын кезіп жүр. Маркстердің және сол сияқтылардың жындары...

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары