Наум Исаакұлы Эпштейн ферроқорытпалар зауытында 1952 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол жай ғана инженер-металлург емес, нағыз өнертапқыш. Сондықтан да болар зейнеткер қария осы күнге дейін «Қазхром» Трансұлттық компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытында керек мамандардың бірі саналады. Ол 60 жылдың ішінде зауыт құрылғысының жұмысын жақсартуға, өнімділікті арттырып, шикізатты тиімді пайдалануға бағытталған түрлі айла-тәсілдерді ойлап тауып келеді. Өнертапқыш қарияның өзінің де мұның бәрі бірдей есінде жоқ. Бірақ бөлшектелетін қождарды айыру қондырғысы Эпштейннің әйгілі жаңалықтарының бірі ретінде зауыт тарихында қалды. Ұзақ уақыттар бойы зауытта хромды қорыту кезінде бөлшектеліп қалатын қалдықтармен бірге ұсақ металл да ағып кете беретін. Эпштейн болса, бұл мәселені шешудің жолын қарастырып, ұсақ металлдарды ұстап қалатын қондырғы ойлап тапты. Өнертапқыштың ол қондырғысы іске асып, ұсақ металлдар бұрынғыдай қалдықпен бірге ағып кетпей, қайта балқытуға жіберілетін болды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының осы тәжірибесіне жүгініп, Челябинскіде және Серовта ұсақ металлдарды ұстап қалу бойынша цехтар салынды.
Эпштейн Ақтөбеге Мәскеудің құрыш және қорытпа институтын бітірген соң келді.
Ол кезде, 1952 жылы зауытта 2 қорытпа цехы ғана болды, тағы да біреуін, яғни ферротитан өндіру бойынша цехты іске қосу бойынша жоспар жүзеге асып жатты. Жұмыс Эпштейнге тапсырылды.
— Шикізатты біз сырттан алуға міндетті болдық, ал қондырғы өз күшімізбен зауытта жасалып жатты, — деп еске алады ол. — Цехты өте қысқа мерзімде іске қостық. 1953 жылдың қыркүйек айында цех тұңғыш өнімін берді. Мен алдымен қатардағы қызметкер болдым, одан кейін лауазымым өсіп, аға шебер, екі жылдан кейін цех басшысы болып тағайындалдым. Кремлде өткен еңбек екпінділерінің слетіне қатысу маған бұйырды. Сол кезде мен тұңғыш рет марапатталдым. Буденныйдың қолынан Ерен еңбегі үшін медалін алдым.
1962 жылы Эпштейнге 2-ші цехты басқару тапсырылды. Ол бірден еңбек майданының алдыңғы шебіне шықты. Ферроқорытпалар шығару бойынша жоспар артығымен орындалып жатты, өндіріске жаңа әдістер енгізіле бастады.
— Зауыттан шығатын барлық ферроқорытпаның тауарлық үлгісінің 90 пайызы екінші цехта өндірілетін, — деп еске алады Наум Исаакұлы. — Өнім сапа белгісіне ие болатын. Біз қорытпамен барлық әлеуметтік лагерьді және кейбір капиталистік елдерді қамтамасыз етіп отырдық. Құрамында көміртегі төмен болып келетін феррохром жоғары сұранысқа ие еді, Кеңес Одағы бойынша ол тек 3 зауытта өндірілді.
Кейін Эпштейн бас инженердің орынбасары, зауыттың бас инженері болды. Қазір ол зауыттың техникалық жоспарлау бөлімінде жаңа қорытпалар бойынша жетекші инженер болып жұмыс істейді.
Еңбек жолында Наум Исаакұлы талай мәрте танымал тұлғалармен кездесті. Эпштейннің бір кездері Орталық комитеттің өнеркәсіп бойынша хатшысы болған Назарбаевтың көлігіне отырғанын, зауытта Қонаевтың кебісін қалай жоғалтып алғанын кәсіпорын ардагерлері әлі күнге жылы лебізбен еске алады.
— Мен Назарбаевпен бірінші рет кездескенімде зауыт азотталған феррохромды вакуумдық-қыздырып өңдеу цехын іске қосып жатқан еді. Назарбаевтың бұл қызығушылығын туғызды. Ол металлург қой, бәрін өз көзімен көргісі келді. Мен экскурсия жетекшісі секілді оның көлігіне отырып, зауытқа бастап апардым, — деп ақсақал әңгімеге қызу кірісті. — Назарбаев маған көлік жүргізушінің жанына отыр деп, өзі артқа жайғасты. Біз осылай цехқа қарай жол тарттық. Бізді сырттан қарсы алған зауыт жұмысшылары көліктің алдында отырған мені көріп, бірден түсіне алмай қалды. «Күткен қонағымыз қайда?», — деген сұраулы жүздерінен аңтарылып қалғандарын байқадым. Кейін зауытта осы оқиғаны еске алып, әріптестерім біраз уақыт әзілдеп жүрді.
— Осыған дйеін зауытта мынадай бір қызық оқиға болған еді, — деп ардагер әңгіме желісін жалғай түсті. — бірде бізге Қонаев келді. Оны цехты көрсетуге шақырыпты. Цех аумағында асфальт төсеніш атымен болған емес, айнала батпақ, амалсыздан резеңке кебіс киюге тура келді. Бірінші хатшы кебісінің біреуін батпаққа батырып, жоғалтып алды. Бірақ ешкімге ұрысқан жоқ. «Асфальт төсеу керек еді», — деді жаймен ғана. Осыдан кейін Мәскеуге телефон шалды, бірден қаражат бөлініп, зауыт аумағы асфальтталды.
Қазір зауыт «Қазхром» Трансұлттық компаниясы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты деп аталады. Өндіріс орны бұрынғы жылдармен салыстыруға келместей өзгерді. Мәселен, 50-ші жылдары зауыт ішінде жүкті арбаға салып таситын. Тіпті ол үшін зауыттың ат қорасы да болды. Ол «ат көлік цехы» деп аталды. Бүгін зауыт салған сурет сияқты. Кәсіпорын қазір де феррохром шығарады, бұл үшін жаңа зауыт салынуда. Ол жерде жаңа пештер, компьютерлер, мониторлар. Балқытушылар жұмысты пульт арқылы басқарады.
...Әріптестері Наум Исаакұлы Эпштейннің маңдайына инженер болуды Алла жазған деседі. Ол бәрін дайын сызба бойынша орындауға ғана дағдыланған маман емес, адамдардың жұмысын жеңілдету үшін, зауыт қондырғысы тиімді жұмыс істеуі үшін және бағалы шикізатты қалдыққа араластырып, шығындалмас үшін көп нәрсені өзі ойлап тапқанды жөн көреді. Ол — 15 өнертабыстың авторы, Қазақ ССР құрметті өнертапқышы. Оның Еңбек Қызыл Ту ордені де бар. Бірақ, ол медальді Исаак Наумұлы кеудесіне бір рет те таққан жоқ. Қарапайымдылығы ерік бермеді.
Альмира АЛИШБАЕВА