Маңғыстау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде «Ардагерлерімізді ардақтайық!» атты патриоттық акция өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Шараны-Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер одағының және «Қайсар» әскери-патриоттық клубтары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Кеште көңілі жарым қариялардың халін әскери әншілер патриоттық рухтағы әндермен көтеріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалғанда қариялар көздеріне еріксіз жас алды.
«Бүгінгі шараны әлеуметтік тапсырыс аясында өткізіп отырмыз. Басты мақсат – әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіру, ардагерлік қозғалысты насихаттау, қарттарға қамқорлық көрсету. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» демекші, мұндағы қарттар да біздің қоғам үшін өте қажет екенін, біз әрдайым қолымыздан келгенше оларға көмектескіміз келетінін білдіргіміз келеді. Қарияларымызға мерекелік көңіл-күй сыйлап, әннен шашу шашып, дастарқан жайып, құрмет көрсетуді жөн санадық», – дейді Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер Одағының және «Қайсар» әскери-патриоттық клубтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.
Қазіргі таңда қарттар үйін жаны жарым, жүрегі жаралы 112 қария паналайды. Олардың арасында І және ІІ топтағы – 47 мүгедек бар. Әрқайсысының денсаулығы үнемі дәрігерлердің бақылауында. Қарттар массаж кабинетінде ем-дом қабылдап, терапевт, кардиолог, уролог, хирург дәрігерлерден үнемі кеңес алып отырады.
— Біздегі 112 адамның 28-і – қазақтар. 2011 жылы интернат үйінде 127 қарт болса, бүгінде олардың саны-112. Бір қуанарлығы, өткен жылдармен салыстырғанда адам саны азайып келеді. Сондай-ақ интернатта екі Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Мұнда отбасын құруға ұсыныс білдірген жандар да кездеседі. Қазіргі таңда екі жұп өмір сүреді. Жыл санап біздің тұрмысымыз да түзеліп келеді. Өткен жылы ғимаратымызға толықтай күрделі жөндеу жүргізілді», — дейді облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Күләш Қалиева.
Ұлы Отан соғысының ардагері Гаврил Герасимовтың қарттар үйін мекендегеніне 18 жылдан асыпты. 90-ды алқымдаған ақсақал үш перзенттің әкесі. Үлкен ұлы Владивостокта, бір қызы Ақтауда, енді бірі Кавказда тұрады. Жақында ақсақалдың мерейтойына орай балалары арнайы келіп құттықтап, сыйлықтарын табыстап кетіпті. Варшава мен Берлин қалаларын азат етуге атсалысқан ақсақал бүгінде ІІ-топтағы мүгедек.
— Мені өзімді жалғыз сезінбеймін, тағдырдың басқа салғанын көрерміз. Мұндағы әрбір жан – менің тағдырластарым, бірге туған бауырларымнан артық десем де болады. Өзім жайында айтар болсам, мен 18 жасымда әскер қатарына шақырылдым. Жаяу әскер училищесін тәмамдаған соң, 226-атқыштар полкі құрамында Новороссийск түбіндегі соғыс қимылдарына, Белорусь майданында болдым. Соғыстан кейін де қиын уақытты бастап кештік. Шүкір, қазір елімізде бейбіт заман орнады. Осы қуанышты күніміз мәңгілік болғай. Тәуелсіздігімізді, бейбіт өмірімізді бағалай білейік», — дейді Гаврил Герасимов.
Қарттар үйі қарияларға қанша қамқорлық көрсеткенімен, бәрібір өз үйлеріндей болмасы анық. Мұндағы жасы егде тартып, қартайғанда қараусыз, балаларының бағуынсыз қалған, жалғыздық жандарын жылатып, сағыныш сарсаңға салған аялы алақан иелерінің аяулы тағдыры кім-кімді де толғандырмай қоймасы анық.