$ 498.34  519.72  4.85

Қазақтың көк байрағын желбіреткен автожолаушылар сапары жалғасуда

Еліміздің Көк туын көтеріп, тәуелсіздігімізді наси­хаттап, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін ояту және өңірлер арасында мәдени байланысты нығайтуды мақсат еткен жастар киелі Маңғыстаудан басталған сапарларын қазақ даласының әр қиырында жалғас­тыруда, деп хабарлайды  Skifnews.kz.

Қазақстан – Каспийден Алтай­ға дейін созылып жатқан қасиетті өлке. Осы байлығымыз бен қа­зы­на­ларымызды насихаттау үшін Маңғыстау облысы әкім­дігінің қолдауымен арнайы экспедициялық топ құрылды. Ағымдағы жылдың 1 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде «Менің Елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» атты этнографиялық автоэкспедицияның тұсауын кесіп, жолға салды.

«Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы 8 қазан күні Ақтөбе облысына келді. Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті психология докторы, профессор Темерхан Бердімұратов бастаған университет ұжымы экспедиция құрамын ықыласпен қарсы алды.

Еріктілер университеттің тарихымен, жетістіктерімен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу шағын концерттік бағдарламамен басталды. Жүргізуші Данияр Жұмаділов жиынға қатысушыларға алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл экспедицияның мақсаты туралы айта келіп, құрамын таныстырды. Қатысушыларға Маңғыстау өңірі, табиғаты, көрікті жерлері, тұрғындары туралы түсірілген бейнеролик көрсетілді. Фотокөрме ұсынылды.

Өлкетанушы Марат Утесинов қазақ хал­қының мәдениеті, соның ішінде Маң­ғыстауға ғана тән салт-дәстүрлері туралы баяндаса, түркітанушы ғалым Бекболат Тө­легенұлы Түркі қағанатының бүгінгі мұ­рагері – қазақ халқының, ұлы даланың даңқ­ты тарихы туралы, әдебиеттанушы Бақтыбай Жайлау өлке әдебиеті туралы әсерлі әңгімелерін айтты. Ұлыбританиядан келген итальян әншісі Сон Паскаль қазақ­ша және ағылшын, итальян тілдерінде ән шырқап, жастардың көңілін көтерді. Кез­десуге қатысушылар арасында байқау ұйым­дастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтар – экспедиция логотипі бейне­ленген футболка-бейболкаларға ие болды және Маңғыстау облысына саяхаттауға жолдама алды.

Экспедицияның ауқымы кең. Оның бір бағыты – «Тілек картасына» қолтаңба қал­дыру. Ақтөбеліктер Қазақ елі картасының өз өңірі бейнеленген бөлігіне қазақстандық­тарға, маңғыстаулықтарға ақ тілектерін жазып қалдырды.

Кешке қарай Қостанайға жеткен «Ме­нің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Дәрібаев Мұрат Амангелдіұлымен кездесті. 

– Біздің облыс – астықты өлке ретінде таныс. Астықтың 25%-ы осы жерде өндірі­леді және ұнның 30%-ы шығарылады. Өн­ді­рістік сектор жақсы дамыған–сүт, ет, «Баян-Сұлу» кәмпиттері, одан басқа, өздеріңіз білесіздер, мұнда темір рудасын өндіретін ірі тау-кен кәсіпорындары орна­ласқан. Бұл – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорны. Басқа да алтын өндіретiн кәсіпорындар бар. Ең соңғы жаңалық – өздеріңіз Ssang Yong Nomad көлігінде жүр­сіздер – соңғы үш жылда бізде машина жасау саласы күшті дамыды. Өскеменмен бірге Қостанай Қазақстандағы машина жа­сау орталығы болып саналады. Бұлар – жеңіл автомобиль шығарылатын облыстар. Сіздердің экспедицияларыңыз қазақстан­дық жастарды «Мәңгілік ел» ортақ идея­сына біріктіруге бағытталған. Оның мәні зор екенін айтып жату артық, өйткені сіз­дер­дің эстафеталарыңызды Елбасының өзі бастап берді. Сондықтан да бүкіл аймақтар­ды біріктіретін, еліміздің жастарына пат­риоттық сезімді дамытуға, Қазақстанның бір бөлшегін, өз мемлекетінің бір бөлшегін жүрегінде сақтауға үлгі болатын экспедиция құрамына жастардың енгені қуаныш. Сондықтан біз бәріміз, оның ішінде жастар да, жұмыс істеудеміз. Біз жақында Жастар ісі жөніндегі кеңес өткіздік, соңғы екі-үш жылда жастардың ертеңгі күнге деген сенімі 15-17%-ға өскені байқалды. Біз сіз­дер­дің эстафеталарыңыз Елбасы саясатын, оның ішінде жастарды қолдауды барлық бағыттарда әрі қарай іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. 

«СарыаркаАвтоПром» зауытын көрудің өзі ғибратты болды, бұл зауытта «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясын Қазақ­стан бойынша аралауға мүмкіндік беріп отырған көліктер дүниеге келген. Зауыт қызметкерлері Toyota Fortuner және Ssang Yong Nomad көліктерінің барлық құрастыру кезеңдерін паш етті. Бұдан соң экспедиция­көліктерді автошеруге даярлады. Автолекті Қазақстан туын ұстап қарсы алған, ашық та жарқын әрі достық пейілі кең қала тұрғын­дарын көрудің өзі ғанибет. Автошеруді сондай-ақ өздерінің жолдан тыс жүретін колоритті көліктерімен келген Қостанай жүргізушілері қолдады.

Бұл кезде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Маңғыстау өлкесіне арналған керемет экспозиция қойылды. Екі жыл ішінде қазақ тілін үйреніп алған итальяндық Сон Пас­каль­дің өнеріне ҚМУ студенттері бірге үн қосты – Қазақстанның солтүстік аймақта­рында қалыптасқан тілдік селкеулікке қара­мастан, қазақ тіліндегі әндерді бүкіл зал қосыла шырқады. 

Концерт аяқталар тұста, топтың әкім­шілік бөлігін алаңның демонтажын жасауға қалдырып, экспедиция мүшелері Қазақ­станда алғаш мектеп ашқан Ыбырай Ал­тын­сариннің облыстық мемориалдық мұра­жайына аттанды. Торғайда ашылған осы алғашқы мектепке қазан айында 150 жыл толады. Мемориалдық мұражайда қазақстандық ұлы ағартушының өмірі мен қызметіне бірнеше зал арналған, онда ғалымның өмірлік құжаттарымен қатар, біздің замандастарымыздың материалдары да жинақталған. 

11 қазанда экспедиция көліктері меха­никтің, жүргізушілер мен әкімшілік топтың ере жүруімен техникалық қызмет көрсету­ден өтіп жатқан кезде, аймақ қонақтарының ең әуесқойларына Қостанай облыстық та­ри­хи-өлкетану мұражайының бірқатар экспозициясымен танысу мүмкіндігі ұсы­нылды. Әсіресе, оларды тарихтан бұрынғы замандарға арналған залдар қызықтырды, оларда «Тобол ойшылы» тас мүсіні, мамонт­тардың сүйектері, неолит заманындағы Тор­ғайдың маханджарлық мәдениетінің археологиялық ескерткіштері, сондай-ақ ға­рыш­керлерге және аймақтағы табиғи байлық, оның ішінде алтын мен асбест өн­діруге арналған стендтер орналасқан. 

Меймандар Достық үйіне шақырылды, онда Қостанай облысында тұратын диас­пора жұмысын жүргізіп келеді. Саяхатшы­лар тобын «Дуслык» татар-башқұрт ұлттық орталығы төрағасының міндетін атқарушы Р.В.Бектемиров қарсы алды. Күннің екінші жартысында «Золотой фазандағы» түскі астан кейін экспедиция қатысушыларын Қостанай ауданы қабылдап, өз кезеңінің ең жас әкімдері: Мичурин ауылдық кеңесінің әкімі Әділ Өміртаев, Заречный ауылдық округінің әкімі Қалыбек Жұмашев және Затобол поселкесінің әкімі Алексей Тарасов құттықтады.

Затоболда блогерлер мен журналистер Ыбырай Алтынсариннің кесенесін, «Аста­на» спорт кешенін, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытын аралады. Экспедиция мүшелерінің көлігі кесененің маңына аялдағанда жол бойы жауып тұрған жаңбыр да тоқтады. Мұны жақсылыққа жорыған олар кесене қасында, ашық аспан астында Ыбырай рухына арнап дұға оқыды. 

«Астана» спорт кешені биылғы жылдың шілдесінде ашылған, жалпы аумағы 2500 шаршы метрден астам жерді құрайды. Мұн­да об­лыс орталығы мен аудан тұрғын­да­ры­ның шағынфутбол, баскетбол, волей­бол, бокспен айналысуына мүмкіндік бар. Бұл –  Қоста­най облысындағы ең үлкен алаң, ол респуб­ликалық жарыстар үшін де пайдаланылады. 

Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты 2013 жылы өзінің 125 жылдығын атап өтті. Шаруашылыққа кіреберісте XIX ғасырда қызыл кірпіштен тұрғызылған ат­қо­ра орналасқан. Бұл атқоралар бұрынғыша пайдаланылады, бірақ негізгі жұмыс, атап айтқанда, селекция бойынша жұмыстар, одан алыстау жердегі үйлерде жүргізіледі. Қазақстанда өсірілетін жылқылардың қос­танайлық тұқымы 1951 жылы ресми түрде бекітілген. Қазіргі таңда жылқы зауытының алдында жылқылардың жаңа, мамандан­дырылған спорттық тұқымын өсіру міндеті тұр. 

– Біз нағыз көшпенділерміз, келесі экс­педицияға атпен шығу керек, – дейді жылқы зауытынан әдемі әсермен шыққан блогерлер. 

2 қазан күні таңертең экспедиция мү­шелері Қазақстанның ең солтүстіктегі қа­ласы – Петропавлға да келіп жетті. Жолда кездескен алғашқы қар да мұны еске салып тұрды. Бұл жаққа габаритті ұшақтар ұшпай­ды, жол қиындығы жетерлік, сондықтан Солтүстік аймаққа қонақ та көп келе бер­мейді. Жергілікті тұрғындар «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық экспедиция мүшелерін көргенде қуаныштарында шек болмады. 

Петропавл – іргетасы 1752 жылы қа­лан­ған, республикадағы ең ескі қалалардың бірі. Жергілікті жердегі Петр және Павел шіркеулеріне 200 жыл болған, Янгуразов мешітіне – 130 жыл. Екі ғимарат та бірнеше жыл бұрын жаңартылған. Мереке күндері мұнда 10 мыңдай адамға дейін жиналатын кездер болады.

Қаладағы ботаникалық бақтың негізі 1912 жылы қаланған. Бақта алғашында ет-консерві зауытына қажетті пияз бен лавр жапырағы өсірілген. Есесіне, бұл бақ қазір – үйлену тойы кортеждері соқпай өтпейтін орынға айналыпты. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған екіжүз­жыл­дық пальма мен финик пальмасы да жастардың назарын өзіне үйіріп тұрады. 

Дәстүрлі таныстыру рәсімі жергілікті университетте өтті, фотокөрмені тамаша­лау­шылар мен концерт тыңдағысы келген­дер екі қабатқа әзер сыйды. 

«Менің елім – Мәңгілік ел» экспе­диция­сының картасындағы алтыншы қала – Ақмола облысының орталығы Көкшетау. Қараңғы түсіп, жаңбыр құйып тұрған уа­қытта келе салысымен, техникалық топ ал­ды­мен алдағы іс-шараға қажетті экспо­зиция мен сахналық алаңды дайындау үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­ле­кеттік университетіне аттанды. Ауыр жол­дан шаршағандарын басып, демалып алған соң, таңертең «Номад» экипаждары авто­шеруге шықты, дәстүр бойынша ол облыс орталығының басты көшелерімен жүріп өтеді. Автошеру Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің қабыр­ғасында аялдады, мұнда қонақтарды аймақтың белсенді жастары қарсы алды.

Экспедицияға қатысушыларды Ақмола облыстық жастар саясаты жөніндегі басқар­маның басшысы Шахимардан Асқарұлы Байманов құттықтады:

– Қасиетті Көкшетау жеріне қош кел­діңіздер, құрметті «Менің елім – Мәңгілік ел» этнографиялық экспедициясының өкілдері!

Елбасының Мәңгілік ел туралы идеясы бүкіл Қазақстанның ұлттық идеологиясына айналуда, біздің ата-бабаларымыз осыны армандаған. Бұл өте үлкен жоба, ол елі­міздің әрбір өкілі үшін стимул болуға тиіс, жас буынды отансүйгіштік сезімге тәр­бие­леудің негізі болып табылады. Міне, бүгін экспедицияға қатысушылар бізге, Көк­ше­тау қаласына, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне келді, ал сіздер, жастар, осыған қатысу ар­қылы бүкіл Қазақстанның жастарына үлгі болуға тиіссіздер. 

Ақтау қаласында туып-өскен этнограф­тар КМУ студенттеріне қасиетті жерлер мен Каспий теңізінің жағалауындағы ай­рықша ескерткіштерге бай Маңғыстау өл­кесі туралы бейнефильм көрсетті. Кездесуді жастардың жүрегіне жол тапқан Сон Пас­кальдің концерті жалғастырды, Қазақ­стан­дағы итальяндықтың әндері жастарды бір арнаға тоғыстырды. 

 Көкшетаудан шығар алдында экспеди­ция қаладағы екі кәсіпорынды аралады, олар – «КокшетауМинводы» және ENKI кірпіш зауыты. 

ENKI кірпіші – бүкіл Қазақстанға кең таралған үй салу үшін қолданылатын құ­рылыс материалы. Кірпіш өндіретін бал­шықты осы жерде жасайды, облыста, бір­неше кен ошағында, кірпішті күйдіру ке­зін­де де табиғатты аялау назардан тыс қал­­майды: пештерде газ жанарғысы қолда­нылады. Бүкіл процесс автоматты күйге кө­шірілген. ENKI – Қазақстандағы кера­ми­калық кірпіш өндіретін ең ірі зауыт. Зауыт 2010 жылы Көкшетауда ПФИИР бағдарламасы бойынша іске қосылды. Өн­дірістік қуаты – жылына 60 млн. дана кір­піш шығарады. Олар еліміздің барлық аймақтарына таралады. 

«КокшетауМинводы» – бұл «Kulager – Arasan» минералды суы және «Turan» ішім­діксіз сусындары. Компания шығаратын өнім Қазақстанның барлық жерінде са­ты­лады және көптеген шетелдік көрмелерге қатысып, сапасы үшін марапаттарға ие болған. 

Енді Бурабайға соғып, экспедицияны күтіп отырған балалармен жүздесу қажет. Шортанды өзенінің жағасында орналасқан «Балдәуренге» жеткенде, таза ауа мен бала­лар лагерін қоршап жатқан қылқан жапы­рақты ормандардың хош иісі келушілердің көңілін көтерді. Жолаушыларға осы жерге түнеуге тура келді.

Басты бағыт – Абылай хан алаңы. Ортасында Абылай ханның ескерткіші тұрған бұл алаң хан ордасында орналасқан. Орманға тақау жерде тастан тұрғызылған тақ бар – аңыз бойынша, бұл – Абылай ханның тағы. Мұнда ескерткіштер көп, олардың ішінде Үш апалы-сіңлілі жартасы бар, экспозиция қойылған залды қымыз­хана мен бағасы қолжетімді сый-кәде дү­кені толықтырып тұр. Осы бір тамаша өл­кенің сұлу жерлерін экспедицияның www.kzexpedition.kz сайтындағы бейне күнделік­терінен көруге болады. 

Осы бір қызықты өткен күнді Сон Пас­кальдің концерті аяқтады, ол бүгінгі кезде­суді өз өміріндегі ең керемет концерт деп атады, өйткені оның бүгінгі көрермендері – Қазақстанның әр түкпірінен «Балдәурен­ге» келген шынайы көңілді, бауырмал балалар болды. Балалар лагерінің қонақжай қызметкерлерімен және балдырғандармен қоштасып, «Менің елім – Мәңгілік ел» экс­педициясы шахтерлер қаласы Қарағандыға аттанды.

Металлургтер қаласы – Теміртауда  біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев өзінің еңбек жолын бастаған. Ол жұмыс істеген №4 цех қазір мұндағы басты көрнек­ті орындардың бірі, сондықтан бұл жерге соқпай өту мүмкін емес. Қаладағы «Аксе­лор­Митал Темиртау» кәсіпорнынан алған әсеріміз ерекше – зауыттың өзінің кө­лемі кішігірім қала іспетті, балқытылған металл да, адамдар да – қатаң, табанды, нағыз ерлер. 

Қарағанды аймағы – тек металлургия мен өнеркәсіпке ғана байланып қалмаған екен. Константин Станиславский атындағы театр мен ұлы драматургке қойылған ес­керт­кіш келгендерге қатты ұнады. Қаланың барлық жоғары оқу орындарының студент­тері, сондай-ақ Қазақстан халқы ассам­блея­­сының көптеген өкілдері келді. Іс-шара өте көңілді өтті! Жастар біздің әң­гі­­­ме­­лерімізге сонау замандарда ауылдағы адамдардың көшпенділерді ұйып тыңда­ғанындай ықыластана құлақ салды. Сон Паскальдің концерті әдеттегідей керемет қалыпта өтті. 

Қарағандылықтар әзілді сүйеді, қала орталығында «Где? Где? В Караганде!» деген ескерткіш қойылған. Әйгілі «Жолы болғыш джентельмендер» фильміндегі осы бір ауыз сөз қаланың даңқын асқақтатып жібер­гендей. Бұл аймақтан елімізге танымал көп­теген жазушылар, актерлер, журналис­тер шықты. Ең бастысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде өсіп, шыңдалған өңірге шынайы сүйіспеншілік сезімі бәрімізді баурап алды.

Павлодар облысына келгенде танысу Ақсу қаласынан басталды. Бұл өнеркәсіптік қалада екі бірдей үлкен кәсіпорын бар – электр стансасы және темір қорыту зауыты. Зауытта өте көп жастар жұмыс істейді, тіпті директор Сергей Прокопьевтің жасы 30-да ғана. Мұнда Олимпиада ойындарына қа­ты­сушы да жұмыс істейді, «Темп» деп аталатын өз КВН командасы мен газеті бар. Таяуда ғана Ақсудың 2 мыңға жуық жұмысшысы мен тұрғындары патриоттық флешмоб өт­кізді, Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа бейнелі жазба арнады. Флешмобқа қатысу­шылар тіпті Гиннесс рекордтар кіта­бына енді. Павлодар облысын жалпы жас­тар ай­мағы деп атауға болады. Ақсуда Жаяу Мұса атындағы ерекше колледж бар, онда бір мезгілде спорт шеберлігіне, өнер, ди­зайн, металлургия, кітапхана ісі, құрылыс са­ласына үйретеді. Павлодардағы ЖҚО – жастарға қызмет ету орталығының өзі неге тұрады? Павлодар облыстық әкімдігі жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі басқар­ма­ның басшысы Наталья Нефедова айт­қан­дай, орталықта 13 жастар ұйымы бар. 

19 қазанды экспедиция мүшелері Ақсу темір қорыту зауыты мен жұмысшы жастар­мен тілдесуден бастады, олар – АЗA және ЕЭК АҚ жұмысшы жастар кеңесінің өкіл­дері, Жаяу Мұса атындағы және Қара ме­таллургия колледжінің студенттері. Аралап қарап шығу үшін №2 және №6 балқыту цехтары таңдап алынды, онда зауыттағы ең үлкен пеш орнатылған. АЗФ өндірістік-техникалық басқармасының басшысы Александр Родыгиннің айтуынша, зауытта үнемі жаңарту жүргізіледі, №6 цехты қайта жаңарту жөнінде топ құрылды, оның қуаттылығын 40%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Дайын шикізат тиейтін жабдықтар қойылған алаңда келушілерді Жұмысшы жастар кеңесінің төрағасы Никита Цы­бен­ко мен Қара металлургия колледжінің ди­рек­торы Ренат Құсайынұлы Дүйсекенов әңгімеге тартты. 

Ақсу қаласының символдық нышанын әкімнің орынбасары Светлана Анатольевна Гладышева экспедицияға қатысушыларға тапсырды:

 – Құрметті «Менің елім – Мәңгілік ел» республикалық экспедициясына қатысу­шылар, қаламыздың қонақтары, кездесуге қатысушылар! Біз бүгін Ақсу темір қорыту зауытының аумағында тұрмыз, бұл – Пав­лодар облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі, онда 6 000-нан астам адам жұмыс іс­тейді. 

«Қазақстанның әлеуметтік жаңаруы – Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында еліміз Прези­денті біздің қоғамның дамуы үшін жасала­тын нақты істерге тоқталды және бұл мәсе­лелердің орындалуы үшін айқын тап­сыр­малар берді. Ары қарайғы дамудың қазақстандық үлгісі ретінде Мемлекет басшысы Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясын ұсынды. Шындығында да, еңбексүйгіштік, еңбектің жоғары өнімділігі және кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігінсіз жаңа формациядағы азаматтың білімін сөз ету мүмкін емес. Міне, сондықтан да, қо­йыл­ған мәселеге орай, біз еңбек шешуші фактор болып табылатынын және жастарды оқыту мен тәрбиелеуде алдыңғы жоспарға шығатынын баса айтамыз. Бүгін бізге кәсі­би-техникалық жүйені қайта жаңғырту ке­рек және жоғары жалақылы жұмыс маман­ды­ғын алу жастар арасында танымал да сән­ге айналуы үшін шаралар қолдануымыз қажет. 

Темір қорыту зауытын аралаған соң, экспедицияға қатысушылар автолекпен Ақсу көшелерімен жүріп өтті.

Павлодарлық ғашықтар жиі аялдайтын бір жер бар екен: Сәтбаев көшесін жерасты жолы арқылы қиып өтіп, «градусникке» трам­вай арқылы кездесуге келеді. Павло­дар­дағы трамвайлар – ең кең тараған әрі танымал көлік түрі, жол жүру ақысы – 55 теңге. Ал Кривенко мен Естай көшелерінің арасындағы жерасты жолы Сәтбаев көше­сін қиып өтеді, бұл жерге өнер жауһары ор­наласқан дерсің – ондағы қабырғаларға ғарыштық көріністер салынған, ал парал­лельді дәлізде метро пойызын күтушілер, танымал фильмдердің кейіпкерлері, эс­тра­да артистері мен саясаткерлер бейне­лен­ген. «Градусник» кездесуге қолайлы жерде орналасқан – осы тұстан Ертіс жағалауына дейін таяқ тастам жер. Және бұл көрініс Пав­лодар мен Ақтауды жағалауында Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қатысуымен бас­тау алған «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы жақындастыра түсті. 

Әр аймақтағы жарқын сәттердің бірі қала көшелеріндегі автошеру деп айтуға болады, бұл кезде экспедицияға қатысушы­ларды қалалықтар қарсы алып, жылы лебіз мен тілектерін жаудырады. Павлодардағы автошеру бұрынғылардан өзгеше болды – мұнда ол ақынның жыр-шашуы мен «Лига женщин-мусульманок» және «Славянский центр» өкілдерінің нан мен тұз ұсынуынан басталды. Естай атындағы Мәдениет са­райы­на жиналғандар алдында экспедиция жетекшісі Евгений Рибалко, Жастар саяса­ты мәселелері жөніндегі облыстық басқар­ма басшысы Наталья Владимировна Нефе­до­ва сөз сөйледі. Салтанатты кездесу ұлттық бимен аяқталды, бұдан соң эстафета картасындағы қала санын символмен көр­сететін 16 көліктен тұратын экспедиция ав­толегі Павлодар көшесімен жүріп өтті.

Павлодар облысының елтаңбасындағы тау мен арқар суреті жоғары ой-ниетке, жаңа жетістіктерге деген ұмтылысты бейне­лейді. Чалдай тамаша ормандары мен Бая­науыл таулары бар Павлодар облысы Қа­зақстан Республикасындағы ірі өнеркәсіп аймағы болып табылады. 

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Орсариев Арын Амангелдіұлы құттықтау сөз сөйледі: 

– Біз қанша әртүрлі болсақ та, Қазақ­станның қай жерінде тұрсақ та: Маңғыстау ма, Атырау ма, Орал ма, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды ма, бүгін, міне, Павлодар – біз бәріміз Қазақстанның біртұтас халқымыз деп айтамыз, шыққан тегімізге, этникалық сипатымызға, қандай дінді ұстанатынымызға, әйел ме, еркек пе – оған да қарамастан, біз бәріміз Қазақ­станның патриоты болып саналамыз. Біз – бір ел, бір халықпыз. Қазір аталған акция әрі қарай жалғасуда, бізден кейін олар Шығыс Қазақстанға, сосын Алматы об­лысына, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызыл­орда және ақырындап Ақтауға оралады, акция Астанада аяқталады. Жалпы, Қазақ­стан бойынша Павлодар облысы – тұрғын­дардың 5%-ын және өнеркәсіптік өнімнің 7%-ын құрайды. Қазақстанда пайдала­ны­латын 5 тонна көмірдің әрбір 3-еуі осында өндіріледі. Қазақстандағы бес көліктің екеуі біз өндірген жанармаймен жүреді. Қазақстандағы бес шамның екеуі Павлодар облысында өндірілген электр энергиясымен жанады. Жалпы, біздің бүкіл үлесіміз кез келген патриоттық істі қуана қолдайды. Біз Қазақстан біздің ортақ отанымыз дейміз, біз оның гүлденуі үшін бірлесе жұмыс іс­тейміз және сіздердің әрі қарай жолды жалғастыра отырып, барған жерлеріңізге тұрақтылықты және адамдардың бір-бірі­мен сөйлесіп, танысуын өте қатты қолдай­тын Павлодардан сәлем жолдаула­рыңызды қалаймыз. Біздің аймағымыздан шешуші көлік бағыттары: Орталық Азия – Ресей, Қытай – Қазақстан – Ресей бағыттары өте­ді. Ресейді Қазақстанның оңтүстігімен және орталығымен байланыстыратын те­мір­жолдар осында. Облыста елдің оңтүстігі Шымкентке қарай ірі қазақстандық мұнай құбыры, сондай-ақ Ертіс-Қарағанды су арнасы бастау алды. Біздің су қанта­мы­рымыз болып табылатын Ертіс Қазақстан­ның бүкіл солтүстік-шығыс аймағын – Қа­ра­ғанды, Павлодар және шығыстың өнеркәсібін суландырады. Электр энергия­сын тасымалдау арқасында біз достарымыз – ресейліктерді Омбы облысы, Алтай өл­кесі арқылы Курган облысына дейін электр энергиясымен қамтамасыз етеміз. Пав­лодар облысының әлеуеті өте жоғары, біз Қазақстанның барлық өңірінің гүлденуін қалаймыз. Жалпықазақстандық қорға қосқан біздің үлесіміз – бұл ғалымдар: ака­де­мик Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермахан Бекмаханов және басқалар, жазу­шылар: Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Павел Васильев, Всеволод Иванов. Біздің артистердің аты елімізден тыс жерлерге де танымал: Шахи­мардан Әбілов, Мария Мудряк, спорт­шы­лар Дәулет Шабанбай, Людмила Прока­шева, Светлана Ампичева, Ольга Саф­­ро­нова. Солардың өмірі бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі-өнеге деп білемін.

Экспедиция этнографтары Қазақ­стан­ның тарихи және табиғи айрықша ескерт­кіштері туралы бейнефильмді таныстырып жатқанда, Тілек кітабына Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жас­тар бастамаларын дамыту орталығының бөлім жетекшісі Еркебұлан Күнтуған мен Қазақстан халқы ассамблеясы Жастар бірлестіктері Үйлестіру кеңесінің төрағасы Элина Паули өз жазбаларын қалдырды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары