$ 494.87  520.65  4.91

Халық денсаулығын жақсарту бағдарламасын маңғыстаулық мамандар талқыға салды

Мемлекетіміздің халық денсаулығын жақсарту мақсатында жасақтаған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шаралары Маңғыстау облысында да кеңінен қолға алынуда, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Облыстық «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі мәлімдегендей, 2014 жылғы 21 қазан күні облыстық мәслихаттың депутаты, С.К.Төралиев жетекшілік ететін «Ұлт денсаулығы» сараптама тобының кезекті отырысы болды.

Отырысқа Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысқан болатын.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен бұл отырыста Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының м.а. Б.С.Ұзақбаеваның «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша 2014 жылы жүргізілген жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы «Сен салауатты өмір салтын ұстанасың ба?» т.б. тақырыптарда әлеуметтік сауалнамалардың жүргізілгендігін, медициналық жаңалықтарды хабарлап отыратын сайт ашылғандығын, қазіргі кезде белең алған ішімдік ішу мен темекі шегуді, нашақорлықты азайту мақсатында үгіт-насихат жұмыстарының белсенді түрде іске асырылып жатқандығын баяндады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында психоэмоционалдық құрылғы мен қызу желі жұмыс жасап тұрғанмен оған хабарласатын жастар санының төмен екендігін айтып, білім бөлімі арқылы жастарды тартуға ықпал етуді сұрады.

Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департамент бастығы М.Қадыр облыс бойынша жедел ішек инфекциясы, вирустық гепатит, туберкулез аурулары деңгейінің 40 пайыздан жоғары  екендігін, осы кеселдердің алдын алу шараларының өте төмендігін сынға алып, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының осы мәселелерді қадағалайтын бірден бір орган екендігін еске салды. Қауіпті кеселдерге қарсы іс-шараларды бір акция аясында ғана емес, тұрақты түрде жүргізу қажет  деген ол баяндамашыдан атқарылған жұмыстар туралы нақты мысалдар келтіруді сұрады.

Облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева баяндамашыға 2014 жылға жоспарланған 14 жобаның орындалу барысы туралы сұрақ қойып, портал арқылы көрсетілетін медициналық қызметтерді халыққа түсіндіру жағы жеткіліксіз екендігін ескертті.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Б. Сарман облысымызға келіп жатқан оралмандардың денсаулығына ерекше мән берілуі қажет екендігін, көші-қон полициясымен жұмыс жоқтығын, Ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша өткен жылы 43 000 адам, биыл 94 000 адам келгендігін, міне осы жайлар біздің ең осал тұстарымыздың бірі екендігін баса айтты. Бөлініп жатқан қомақты қаржы мен шығарылып жатқан сансыз буклет, бетшелердің тиімділігі бар ма деген Б. Сарман Ішкі істер басқармасымен, қалалық білім бөлімімен өзара әрекет жоқтығын сынға алды.

Баяндамашы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жұмыстарға барлық мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмылдырылатынын, »Тенгри» қорының семинар-тренингттер өткізгендігін айтып өтті.

Сараптамалық топтың жетекшісі С.Төралиев халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін анықтайтын сауалнамалар жүргізу керектігін, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында ведомствоаралық байланысты күшейту керектігі көрсетілгендігін айтты. Ал Б. Сарман сауалнамаларға қатысқан 31 000 адамның  қанша пайызы қарттар, қанша пайызы студенттер, қанша пайызы мүгедектер екенін анықтайтын әлеуметтік топтарға бөлетін талдау бар ма деген сұрақ қойып, осындай талдау жасалып сараптама тобына беру керек деген ұсыныс айтты.

 Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша құрылыс басқармасы жетекшісінің орынбасары Л.Бекжанов құрылысы тоқтап қалған денсаулық сақтау нысандары мен қолданысқа берілген ауылдық дәрігерлік амбулаториялар жайында баяндады. Әсіресе онкологиялық диспансер мен ана мен баланы қорғау аймақтық орталығының құрылысына қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Сараптама отырысына қатысушылар баяндалған мәселелерді жан-жақты талқылай отырып, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, әлеуметтік жобаға үкіметтік емес ұйымдарды тартуды жолға қою, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға айрықша көңіл бөлу, тұрғындардың медициналық көмекке қанағаттану деңгейін анықтау, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы туралы халықты ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту, түрлі себептерге байланысты құрылысы тоқтап тұрған онкологиялық диспансердің, ана мен баланы қорғау аймақтық орталығының құжаттарын жинақтау, мемлекеттік сараптама өткізіп,  құрылысты жеделдетіп, 2015 жылдың аяғына дейін іске қосу, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік амбулаториялық емхана салуға байланысты сметалық құжаттарды дер кезінде дайындау, қаржы бөлінуін қадағалау, құрылысты мерзімінде бастап кету жөнінде ұсынымдар қабылдады.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының депутаттар фракциясында денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылысының жүру барысы туралы желтоқсан айында сараптама тобының кезекті отырысында тыңдап, талқылау туралы шешім қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары