$ 443.85  474.3  4.8

Теңге тағы девальвациялана ма?

«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, ұлттық валютамыздың кенеттен екі рет қолдан құнсыздандырылғанын бастан кешкен қалың бұқара арасында соңғы кездері «теңге тағы да девальвацияланады екен» деген қауесет тараса, оған «бұл қалай?» деп таңырқауға немесе «әдейі қасақана таратылған өсек» деп біреулерді жазғыруға болмас.

Өйткені «айы-күні аманда» сол екі «девальвациялауды» «теңгеге қатер жоқ» деп ант-су ішкен билік басындағылар күтпеген уақытта кенеттен жүзеге асырғаны ешкімнің есінен кете қойған жоқ. Девальвациядан халықтың басым бөлігі, жиған-тергендерін депозиттік салымда теңгемен ұстайтындары, сондай-ақ, доллармен несие алғандары көптеген шығынға ұшырағаны айдан анық. Демек, «не болар екен?» деп алаңдау орынды. Оның үстіне әлемнің қаржы-экономикалық жағдайы қазір мүлде сенімді емес. Айталық, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы басты әріптесіміз Ресей Федерациясының рублі шамамен екі еседей құнсызданды. Ол жақта бұл биліктегілердің қолдан жасаған құқайы болмады, кәдімгі еркін айналымда жүрген ұлттық валютаның форекс саудасындағы табиғи құнсыздануы жағдайында өтті. Бұл – бір. Екіншіден, дүниежүзілік тауар биржаларында біздің басты экспорттық өнімдеріміз өндірістік металдар мен көмірсутектерінің бағасы былтырғыдан екі еседен астамға түсіп кетті. Жаңа жылдың басындағы саудада мұнай бағасы барреліне 45 доллар шамасын көрсетті. Бұл елге келетін валюталық кірісті мүлде азайтты. Ал табиғи жағдайда ұлттық валюталар қандай кезде құнсызданады, деген сұраққа жауап беретін сәт енді туған секілді. Орайы келгенде айта кетейік, нарықтық қатынас жағдайында кез келген тауар зәру затқа айналғанда бағасын өсіріп, ұсыныс көбейген шақта арзандап кетеді. Яғни, доллар массасы азайса, теңге құнсызданып, халықаралық валюта көбейсе, керісінше ұлттық валюта қымбаттауға тиіс. Демек, отандастардың «теңгенің құны қандай болар екен?» деп алаңдауы заңдылық. Өйткені бізге келетін валюталық кіріс экспорттық тауарлардан мүлде азайып кеткені өмірдің ақиқаты ғой. Қош.

Таяуда мемлекет басшысы атқарушы биліктегі «тізгін ұстағандарды» түгел жинап, алқалы жиын өткізді. Онда Елбасымыз «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, елдің қаржы-экономикалық жағдайы, биліктің жұмысындағы үйлесім мен білімділік жайында үлкен әңгіме қозғады. Жиналғандарға қазіргідей жағдайда «не істеу керектігін» тәптіштеп түсіндіріп берді. Ең бастысы, дағдарысты сылтау етіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түсірмеу, міндетті төлемдерді уақытында төлеп тұру, мемлекеттік қызмет пен «Самұрық-Қазына» құрамындағы ұлттық компаниялардың бос шығындарын азайту, бірақ осының барлығында болашақ дамуымызға кедергі келтіретіндей тұстардың болмауын қатаң қадағалау ерекше тапсырылды. Үкімет басшысы бұдан соң іле-шала өз құзырындағыларды жинап алып, әрқайсысына жеке-жеке тапсырмалар берді. Не керек, тізгін ұстағандары білек сыбанып, жұмыс істеуге уәде етіп тарқасты.

Бұл шақта дүние жүзінде де қызу жұмыстар жүріп жатқан болатын. Минскіде «Норманд төрттігі» деген теңеуге ие болған Франция, Германия, Ресей және Украина басшылары 16 сағатқа созылған келіссөз жүргізді. Бәрі де «мәселе толық шешілді» дей алмағанымен, келіссөз нәтижесіне қанағаттанғандықтарын жариялады. Сөйтіп Украинадағы соғыс қимылдары 15 ақпаннан бастап тыйылатыны мәлімденді. Мұндай көңілді жаңалық әлемді шарлап кетті. Ал кез келген жаңалық «жағымды», «жағымсыздығына» қарай биржалардағы саудаға өз «түзетулерін» енгізетіні табиғи заңдылық. Демек, өткен аптаның бейсенбісіндегі саудада мұнай баррелі 7 пайызға жуық салмақ қосып, 58 доллардан астамға бағаланса, ол осынау жағымды жаңалықтың «бергені» деп ұғынылуы керек. Біздің Елбасымыз мұнай бағасының «40 доллардан төмендеуі жағдайына да дайын болуымыз қажеттігін» ескерткен болатын. Ал байқаған шығарсыздар, өткен бейсенбіде-ақ дайындалған қатерлі деңгейден 18 доллар артық кірісті әр баррель мұнайымыз түсіретін болды. Демек, Қазақстанның «айы оңынан туды» деуге негіз қаланды. «Жағымды жаңалық» өсірген баға тұрақтанар ма екен, деген күдік әлем биржаларындағы жұмадағы саудаға ерекше назар аудартты. «Көз ілмей» Лондондағы сауданың аяқталуын күттік. Нәтиже қуанарлықтай, сауда соңында биржадағы фьючерстік мұнай баррелі 61,52 долларға бағаланды. Өндірістік металдар бағалары да өсті. Ол – ол ма, Токио қор биржасынан басқа әлемдік биржалардың индекс-индикаторлары түгелдей дерлік жоғарылады. Осының бәрі инвесторлар мен сатып алушы жақтардың 2015 жылға үмітпен қарайтынын сездіргендей болды.

Мінекей, біздің теңгеміздің «тағдырына» тікелей әсер ететін сыртқы жағдай осындай көріністе. Сондықтан осыған қарап-ақ біз ең кемі 2015 жылы теңгенің құнсыздануы болмайды, дегенді ашық және батыл айта аламыз. Орайы келгенде назар аудартайық, Елбасы өткізген алқалы жиыннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «егер мұнай баррелі 50 доллардан  төмен түсіп кетсе, теңге құнына өзгерістер енуі мүмкін» дегенді айтқан. Ал қазір бұл көрсеткіш жоғарыда айтып кеткеніміздей, 61 доллардан асты. Ендеше күдік толық сейілді деуге болады ғой.

Жалпы біз теңге мұнай баррелі 40 долларға жеткен жағдайдың өзінде құнсыздандырылмауы керек деген пікірдеміз. Өйткені біріншіден, Қазақстан халықаралық валютаға зәру ел емес. Ұлттық қор мен Ұлттық банктің сақтық қорындағы алтын-валюталық қазынамыз 100 миллиард доллардан баяғыда асқан. Бұл ешқандай валюталық кіріссіз-ақ бірнеше жыл бойына бүгінге дейінгідей импорт өтемін жасауға жеткілікті байлық. Екіншіден, мұнай баррелі 40 доллар болғанның өзінде Қазақстан экспортынан түсетін кіріс ішкі базар сұранысы үшін импорт тасымалдауға кететін шығыннан әлдеқайда артық болады. Біз халқы аз, демек импорты аз елдер тобындамыз. Ал экспортымыз әлдеқайда көп. Десек те «ертеңді ойлағандықтан» мұнай бағасы 50 доллардан төмендеген шақта теңгені құнсыздандыруға болар. Бірақ одан жоғары жағдайда ұлттық валютаға девальвация жасау мемлекет пен халыққа жасалған қастандықпен бірдей. Ескерте кетейік, теңге девальвациясынан пайда табатындар бар, олар – мүлде аз, шикізат экспорттайтын топтағылар мен банк оллигархтары. Ал мұнай экспорттаушылар арасында отандықтар үлесі 26-ақ пайыз. Қалған 74 пайызы шетелдіктер меншігі. Демек, кез келген жағдайда теңгені девальвациялау Қазақстан байларынан гөрі шетелдіктерге тікелей өз есебімізден «болысу» дегенді білдіреді. Яғни, білімсіздік. 26 пайызды қолдаймыз деп 74 пайызға Қазақстан «сүбесін асату» болып шығады.

Сонымен, біз 2015 жылы теңге девальвациясы болмайды дегенді сеніммен айттық. Сенімімізді бекіте түсетін негіздер баршылық. Ең алдымен теңге девальвациялануы үшін оның баррелі 50 доллардан төмендемейтіні керек болса, ол солай болады да. Өйткені мұнай баррелі 45 долларға жеткен шақта-ақ АҚШ бұқаралық ақпарат құралдары «Техас штаты дефолттық жағдайда» деп жариялады. Бұл негізінен мұнай өндірісіне маманданған аймақ болатын. Трансұлттық мұнай компаниялары осында. Демек, сол алып компаниялар «шығынға кеткен ғой». Ал капитализм дүниесінде ешкім шығынға «жұмыс істемейді». Осы заңдылықпен жүрген әлгі алыптар қысқартуларды бастады да кетті. «Шеврон», «Эксн Мобил» компаниялары қызметкерлерін мың-мыңдап қысқартып, 100 миллиард долларға жуық ақшаларын өндірістен «сыпырып алды». Бұл қысқартулар металлургия салысына да тізбекті реакция заңымен әсер етті. Өйткені металлургтер беретін шикізатты пайдаланып жасалынатын мұнай өндірісіне қажетті техника мен технология жасаушы зауыттар мен комбинаттар да тапсырыссыз қалды. Қазіргі кезде АҚШ мұнайшылар мен металлургтер біріккен шерушілер алаңына айналған. Дәл осындай үрдіс Ұлыбритания Біріккен Королдігінде, Норвегияда жүріп жатыр. Қысқасы, әлем жаппай қысқартуларға кіріскендей. Жоғарыда біз «Норманд төрттігі» жасаған «жақсы жаңалық» биржадағы тауар бағасына оң әсер етті дедік. Бұл даусыз шындық. Десек те сол шындыққа біз кейінірек қосқан тағы бір шындықтың негізгі әсер етуші болғаны айдан анық. Яғни, бағаның өсіміне биржадағы ұсыныстың азаюы демеуші болған. Сонымен өндіріс азайса, ұсыныс кемиді, яғни баға өседі.

Тағы бір «жағымды жаңалықты» бұл айтқандарға қоса кеткен жөн шығар. Ол дүниежүзілік энергетика агенттігінің таратқан болжамы. Бұл халықаралық құжатта 2015-2020 жылдар аралығында мұнай өнімдеріне сұраныс өсетіні тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал бүгінгі жағдай өндірістің шығынға орай қысқартылып жатқандығын көрсетеді. Демек, сұранысқа орай өндіріс өсуі тиіс. Ал оны өсіретін тек жоғары баға. Олай болса, биылғы жылы мұнай бағасы қазіргіден төмендейді, деп ойлау білімсіздік болар еді. Барлығын екшеуден өткізе отырып, біз 2015 жылы мұнай баррелінің орташа бағасы 80 долларды алқымдайды деген болжамды батыл мәлімдей аламыз. Бұған қоса өндірістік металдар бағасы да өспек. Өйткені өндірістік металдарды көп өндіруші АҚШ бұл салада қысқартулар жасап жатқанын жоғарыда айттық. Ресейде де металл өндірісі бір жағынан қысқарып, екінші жағынан оның экспорты азайып, ішкі базарда пайдалану көлемі өсетіндей жоспармен жұмыс істеп жатыр. Қысқасы, қазіргі қалыптасқан жағдай толығымен біздің теңгені «қолдайды». Ал сырт теңгені «қолдап жатса», өз ішіміздегілер оған «жаулық» жасамас. Қазақстанның валюталық кірісі биыл осыған дейінгі қай кездегіден де кем болмайды. Өйткені экспорт кірістерінің сыртында елімізге келетін тікелей инвестиция келісім-шарттары және бар. Ол шарттар бойынша Қытай Қазақстанға 14 миллиард, Франция 500 миллион доллар тікелей инвестиция әкеледі. Бұлар қазірге дейін заңдастырылғандары. Ал заңдастыруды қажет етіп тұрған шетелдіктер қаражаттары бұдан әлдеқайда көп. Өйткені Қазақстан әлемдегі инвестициялық тартымды елдердің бірі. Біз, біріншіден, өндірістік шикізатымыздың жеткілікті болуымен, 180 миллиондық тұтынушысы бар алып базардың қожасы болуымызбен, Ұлы Жібек Жолының өзегінде жатқан транзиттік тасымал арнасындағы мемлекет болуымызбен, жұмысшы күшінің дамыған елдердегіге қарағанда арзандығымен, салық жүктемесінің аздығымен, ақыр аяғында елдегі тұрғындардың толық сауаттылығымен, тыныштығымызбен, шетелдік инвестицияға заңдастырылған кепілдігімізбен алпауыттарды, әсіресе өндіріс капиталын қызықтырып тұрмыз. Мұндай елде ұлттық валютаның құнсыздандырылуы тек қана білімсіздік болар еді. Айтарымыз осы, нәтижені көре жатармыз.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН,

Халықаралық «Евразиялық экономикалық академияның» академигі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары