$ 498.34  519.72  4.85

Санкт-Петербургтегі терактіге Қазақстан азаматының қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады

Ресейлік БАҚ өкілдері Санкт-Петербургтегі терактіні 22 жастағы қазақстандық жасауы мүмкін деген ақпарат таратты. Дегенмен, ҚР СІМ-нің ресми өкілі бұл мәліметтің расталмағанын, бірақ, расымен де алматылық Максим Арышев есімді жігіттің Санкт-Петербургте іздеуде екенін айтып отыр.

Ресейлік тілшілер метрода өзін жарып жіберген лаңкестің Орталыз Азиядан шыққанын, тіпті, Қазақстан азамат екенін де ашып жаза бастады. Дегенмен, оны қазір терроршылар қатарына жатқызуға әлі ерте дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

"Нақты ақпаратты айта кетейін. 3 сәуір күні жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:06-да Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулдығына Алматы тұрғыны Ирина Арышевадан қоңырау келіп түсті. Ол жарылыс болған уақыттан бері өзінің 20 жастағы ұлы - Санкт-Петербург экономикалық университетінің үшінші курс студенті Макисм Арышевтің хабарсыз кеткенін айтқан", - деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы.

Кейінірек анықталғандай, жоғалған жігіт Ресейде өзінің әпкесімен, жездесімен және сүйікті қызымен бірге тұрған. Ол соңғы рет туыстарымен сол күні сағат 14:30 шамасында телефон арқылы сөйлесіп, оқудан үйіне қайтып келе жатқанын айтқан. Ол сондай-ақ, жарылыс болған станциялар арқылы жүретінін де мәлімдепті.

"Қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі Қазақстанның бас консулы ауруханада. Онда қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр. Астана уақытымен таңғы сағат 5:30-дағы жағдай бойынша, қайтыс болғандар қатарында Қазақстан азаматтары жоқ. Максим Арышевтің Санкт-Петербургтегі лаңкестік оқиғаға қатысы бар деп айту әлі ертерек. Оны іздеу жұмыстары қазір жалғасып жатыр", - деді Жайнақов.

Еске салайық, кеше Мәскеу уақытымен сағат 14:30 шамасында Санкт-Петербургтегі екі метро станциясында жарылыстар болып, салдарынан 10 адам қаза тапқан болатын. Бүгін құрбандар саны 11 адамға жетті. Тағы 45 адам жараланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары