Шымкентке концерт беруге келген италиялық маэстро Антонио Флинтаның квартеті концертті ұйымдастыру деңгейінен шошынып жағасын ұстамаса да, көңілдері құлазып қайтты. Залдың толмағаны өз алдына, келген аз ғана тыңдарманның өзі қорылға басып ұйықтап қалған. Бұл туралы TVK телеарнасы хабарлап отыр.
Антонио Флинтаның есімі джаз тыңдармандарының арасында кеңінен танымал. Ол 1992 жылы алғаш рет трио құрған. Арада 10 жыл өткеннен кейін топ қатары тағы бір әншімен толығып, содан бері квартет болып ән айтып жүр.
«Біз мен шығарған әндерді орындаймыз. Мен 20 жылдан бері композитормын. Біздің топ әлемнің елдерін аралап концерт береді. Бұл джаз. Біз өзіміз баратын елдің әндерін орындауға да тырысамыз. Жаңа танысқан адамдарымыз, қалалар әндерімізде көрініс табады. Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке алғаш рет келуіміз. Қазақстан — өте керемет ел, халқы тіпті керемет. Соңғы екі күнде біз мұнда жаңа отбасын тапқандай болдық», - дейді Antonio Flinta Quartet тобының жетекшісі Антонио Флинта.
Дегенмен, әншінің концерт алдындағы осынау керемет сезімі концерт барысында су сепкендей басылды десек артық айта қоймаспыз. Өйткені, джаз тыңдауға келген аз ғана тыңдарманның жартысы қорылға басып ұйықтап қалыпты.
«Адамда этикет деген болу керек. Бізге шетелден қонақтар келіп отыр, жай келіп отырған жоқ, концерт беруге келіп отыр. Ал, біз оларды ыңғайсыз жағдайда қалдырдық. Залдың толмау себебі - жарнаманың дұрыс жасалмағанынан деп ойлаймын. Егер халық білсе келер еді», - дейді концерт келуге келген шымкенттік тұрғын Махаббат Ысқақова.
Дегенмен, италиялық қонақтар реніштерін білдіргісі келмеді ме, әлде расымен де түсіністікпен қарады ма, ұйымдастырушыларға да, тыңдармандарына да қазақ тілінде алғысын айтып, өз жолдарымен кетті.