$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте бір қызды екі рет алып қашқан жігіт сотталды

Шымкентте бір адамды екі рет ұрлады деген айыппен ер азамат сотталды. Ол бойжеткен қызды үйлену үшін алып қашқан екен. Алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталып, қызды ата-анасы сол күні үйіне алып кеткен. Алайда, алған бетінен қайтпаған ер жігіт дәл сол аруды екінші рет тағы алып қашыпты. Бұл жолы қыздың туыстары полицияға шағымданған деп жазады Otyrar.kz.

24 жастағы жігіт әскери салада қызмет еткендіктен оның ісі Шымкент горнизонының әскери сотында қаралды. Тергеу барысында белгілі болғандай, Ерғалым есімді ер азамат Жамбыл облысының тумасы екен. Күні кешеге дейін ол Оңтүстік округіндегі әскери бөлімде келісімшартпен жұмыс істеген. Алып қашқан қызына да екі жыл бұрын осында жүріп ғашық болыпты. Көп ұзамай Ерғалым үйленудің қамына кіріскен, бірақ, заңға қайшы жолмен.

"Сүйіктісін" бірінші рет алып қашқанда қыздың ата-анасы оған кешіріммен қарап, ешқайда шағымданбағанын айтып отыр. Алайда, оқиға екінші рет қайталанған кезде шыдамның шегі таусылды дейді олар. Бойжеткеннің ата-анасы бұл жолы қызын алып кетуге жалғыз емес, полицейлермен бірге барыпты.

Алғашында қыз алып ақшу әрекетіне бірнеше адамның қатысы бар деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, тергеу барысында Ерғалымның жалғыз болғаны дәлелденіп, қылмыстық істің бабы өзгертілді. Оның үстіне, жәбірленуші тарап жас жігітті кешіріп, жазасын жеңілдетуін өздері сұраған. Осы жайттарды ескерген судья бұрынғы әскери қызмкеткерді 4 жылға шартты жазамен соттап, сот залынан босатты.

Жазаның жұмсартылуына Ерғалымның бұрын сотталмағаны және өз қылмысын толық мойындап, кешірім сұрағаны да себеп болып отыр.

Айта кетейік, соңғы 8 айын Ерғалым тергеу абақтысында өткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары