Оқиға 14 мамыр күні кешке орын алды. Қызылордадағы жергілікті жылу электр станциясында түтін құбыры қирап, үйінділердің астында екі жұмысшы қалып кеткен. Олардың бірін жедел жәрдем ауруханаға жеткізсе, екіншісі қайтыс болды деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
"Қызылорда облыстық ТЖД жедел тобының техникасы мен қызметкерлері, Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының, облыстың Өрт сөндіру және апат-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері тартылды. Қазіргі уақытта 60 құтқарушы жұмыс істеп жатыр, оннан аса дана техника мен екі кинологиялық ит жұмысқа тартылған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, қирандылар астында қалған екінші жұмысшыны іздеу жұмыстары бірнеше сағатқа созылды. Оның мәйітін құтқарушылар түні сағат 03:45-те тапқан.