$ 498.34  519.72  4.85

ШҚО-да Алматы облысының күндері өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы Алматы облысының күндері аясында облыс әкімі Амандық Баталов бастаған ресми делегация Өскемендегі бірнеше нысанды аралап, ШҚО әкімі Даниял Ахметовпен кездесті. Шараның басты мақсаты – маңызды өндірістік және спорттық нысандардың құрылымымен танысу, тәжірибе алмасу, сауда, бизнес және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық байланыстарды нығайту.

Сапар барысында Алматы облысының әкімі мұндай тәжірибе алмасу екі өңірдің де тұрғындарына үлкен пайдасын тигізетіндігін атап айтты.

Айтулы шара аясында екі облыстағы өнеркәсіпті өркендету, бизнесті дамытудың келешегі және екі өңірдің осы бағыттағы қарым-қатынасы туралы жиын болды.  Жиынды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қорытындылады. Өңір әкімі жетісулықтардың жылы лебіздері үшін алғысын айтып, ШҚО-ның Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстармен өңіраралық әріптестігі жақсы жолға қойылғандығын, енді Алматы облысымен де байланыс нығая бастағанын атап өтті.

Даниял Ахметовтің айтуынша, Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы Оқушылар сарайы мен «Жастар» спорт кешенінің жұмысы шығысқазақстандық әріптестерге ұнағандықтан, Шығыс Қазақстан облысында да дәл осыгдай нысандар салыну жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ Даниал Ахметов Алакөл жағалауын дамытудағы Алматы облысының қолға алған тәжірибелеріне де қызығушылық танытатындықтарын білдіре келе, облыстар өзара ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынастарын дамыту арқылы, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға мүмкіндік алатындығын және ол үшін өңірлердің бір-бірімен соңғы жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуы қажет екендігін атап өтті.

Жиын барысында қос тараптың кәсіпорындары екі жақты 8 меморандумға қол қойды. Енді екі облыстың кәсіпорындары жалпы құны 20 млрд. теңгенің көлемінде бір-бірінің шығарған өнімдерін сатып алып тұтынатын болады.

Жалпы, Алматы облысының күндері аясында шығысқазақстандық көрермендерге өңірдегі шығармашылық ұжымдардың «Жер жәннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты мазмұнды концерттік бағдарламасы мен облыстық көркемсурет галереясының қорындағы қылқалам шеберлерінің үздік туындылары ұсынылды. Алматы облысының Өскеменге жасаған сапары барысында делегация мүшелері ірі өндіріс ошағы саналатын Үлбі металлургия зауытын, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен оңалту орталығын, табиғи-ландшафттық қорық-музейін, этносаябақ пен Ертіс өзенінің жағалауын, сондай-ақ қаланың өзге де сәулеті ерекше әрі бірегей нысандарды аралады.

Д.Жұмақұлова

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары