Алматыда террористік тұрғыдан осал қорғалған 13 нысанның басшыларына 7 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық ІІД жұмыс тобы 2017 жылдың 22 мамырындағы №83 тексеру тағайындау туралы акті негізінде қауіпсіздік қызметі бастығының қатысуымен қонақ үйлердің бірінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін, сондай-ақ олардың басшыларының ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 12 қарашадағы №1271 Қаулысымен ұсынылған «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы талаптарының орындауын тексеруді жүзеге асырды.
− Тексеру нәтижесінде мыналар анықталды: іргелес аумағымен қоса жалпы алаңы шамамен 27189 шаршы метрді құрайтын қонақ үй 9 қабаттан тұрады. ҚР Үкіметінің №191 Қаулысына сәйкес, аталмыш нысан адамдар көп шоғырланатын екінші топтағы нысанға жатады. Тексеру барысында күзет дабылы жүйесі бойынша, кіруді бақылау және басқару жүйесі бойынша, телевизиялық бейнебақылау, сондай-ақ хабардар ету жүйесі бойынша бұзушылықтар анықталды. Осы тексерудің нәтижелері бойынша ҚР ӘҚтК-тің 149-бабы бойынша − Террористік тұрғыдағы осал объектілердегі қауіпсіздік деңгейін тиісті дәрежеде қадағалау және сақтау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал толтырылып, кейін ол Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының қарауына жіберілетін болады. Сонымен қатар, нысан басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқау берілді, − деп хабарлады Алматы қаласының ІІД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қанат Сарымсақов.
Сонымен қатар, тексеру барысында жұмыс тобының мүшелерімен ТТО нысандарының басшылары мен қызметкерлері құрамы арасында нысандарды терроризмге қарсы қорғау жүйесінің талаптары мен міндеттерін сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, террористiк тұрғыдан осал объектілердің басшылары мен персоналы үшін ҚР ІІМ әзірлеген олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселесі бойынша әдістемелік ұсынымдар таратылды.
− Ағымдағы жылдың басынан бері Алматы қаласының ІІД жұмыс тобымен террористік тұрғыдан осал объектілердің 485 нысаны, адамдар көп жиналатын жерлер тексерілді. Тексерілген нысандардың ішінен небары 48 нысан ғана қойылған талапқа сай болып шықты. Тексеру нәтижесі бойынша нысандардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына кемшілікті жоюға байланысты 437 ескерту жасалды. ҚР ӘҚтК-тің 149-бабы бойынша 26 әкімшілік материал толтырылды және олар қаланың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының қарауына жіберілді. Оның ішінде сот шешімі бойынша 13 объектінің жетекшісі жалпы құны 7 миллион теңгеден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, − деп түйіндеді полковник Қанат Сарымсақов.