РФ Мемлекеттік Думасы қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Владимир Шамановтың бүгін жасаған мәлімдемесі қазақ қоғамын аяқтан тік тұрғызды. Ресейлік депутат Сириядағы соғысқа Қазақстан мен Қырғызстанның әскерилерін де апаруды көздеп отырғанын ашық айтты. Ол үшін қос елдің билігімен келіссөздер де жүргізіп жатқан көрінеді.
Алайда, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев болса «Саясат» порталына берген сұхбатында Ресейден ресми ешқандай ақпараттың келмегенін айтты.
«Бұл мәселеге қатысты ешқандай мәлімдеме жасай алмаймын. Өйткені, біз ресми түрде мұндай ақпаратты әлі алған жоқпыз», - деді ол.
Сондай-ақ, қазақстандық депутат қазақ сарбаздары Сирияға барған жағдайда соғыспайтынын, тек бейбіт миссияларға қатысатынын қосымша айтты.
«Тіпті Қазақстан әскерилері Сирияға барған күннің өзінде олар қандай да бір тараптың жағына шығып, әскери қақтығыстарға қатыспайды. Қазақстандық әскерилер БҰҰ қамқорлығының аясында жүріп жатқан бейбіт миссияларға ғана қатысуы мүмкін. Тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияға қандай да бір елдердің әскерилері бейбіт миссия орындауға барсын деп шешім қабылдаса, сол миссия аясында атқаратын нақты шараларды бекітсе ғана бұл мәселені қарастырамыз. Ал, біздің сарбаздарды аталған соғысқа жөнелту мәселесі әзірге көтерілген жоқ. Біздің елдің заңнамаларына сәйкес, біз әскерилерімізді Сирияға тек бітімгер ретінде ғана жібере аламыз», - деді Әшімбаев.
Депутат сарбаздардың бейбіт миссия аясында немен айналысатыны туралы айтқан жоқ.