Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Қаратума ауылының 53 жастағы тұрғыны Рақымберді Қыдырмолдин Аягөз қаласындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болды. Бұл туралы Объектив.kz порталы жазған.
Марқұмның әйелінің айтуынша, оқиға 18 маусым күні орын алған. Оның күйеуі сол күні таңертең көлігіне 4 туысын салып алып, өз ауылынан Аягөзге қазалы жерге шығып кетіпті. Алада, жол ережесін бұзғаны үшін оны жол-патрульдік полицейлер тоқтатып, полиция бөлімшесіне алып кеткен.
"Алдымен менің күйеуім полицейлердің көлігінде болған. Сол кезде тәртіп сақшылары дәл сондай ережені бұзған өзге жүргізушіні тоқтатып, оған хаттама толтырып, қайтарып жіберіпті. Ал, менің күйеуімді неге екені белгісіз, өздерімен бірге полиция бөлімшесіне алып кеткен. Тергеушіге баратындай ол қылмыс жасаған жоқ қой. Неге хаттамасын толтырып жібере салмады?", - дейді марқұмның әйелі.
Р.Қадырмолдинді полицейлер бөлімшеде бірнеше сағат бойы ұстаған. Кейін оның денсаулығы күрт нашарлап жүрегі қысыла бастапты. Оқиға орнына келген жедел жәрдем ер азаматтың қайтыс болғанын ғана тіркеуге үлгерген.
Марқұмның туыстары қазаға полицейлердің кінәсі бар екеніне күмәнданбайды. Көрсетілген қысымнан кейін оның жүрегіне салмақ түсіп, бақилық болды дейді олар. Жаназаға келген тәртіп сақшылары көңіл айтқанымен, туыстары қойған сауалдарға жауап бере алмады. Өйткені, жол ережесін бұзған жүргізушіні неліктен тергеушінің кабинетіне әкеліп тергегені әлі белгісіз.