$ 498.55  524.28  4.75

Алматы облысының полицейлері мəңгілік алау жақты

Алматы облысының полиция қызметкерлері үшін салтанатты күн ішкі істер саласында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлері ескерткішінің алдында мәңгілік алау жағумен басталды. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысында қызметтік міндетін атқару барысында 30-дан астам қызметкер қаза болды. Олар біздің есімізде мәңгілік қалады. Сондай-ақ, бүгін біз Қазақстан полициясының дамуына өз үлесін қосқан, аты аңызға айналған генерал Әбдіқадыр Болсамбековтың мүсінін аштық», - деді Алматы облысы ІІО-ның ардагері Б.Молдабеков.

Кәсіби мерекені тойлау жас қызметкерлердің ант қабылдауымен жалғасты. 25 қызметкер Отанына адал қызмет етуге ант берді.

Сонымен қатар, осы күні Алматы облысына жұмыс сапарымен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының делегациясы келді. Делегацияны Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов қабылдады. Ресми кездесудің негізгі мақсаты екі республика арасында экстремизмге, есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері бойынша келісім жасасу болып табылады.

«Экстремизмге, есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері бүгінгі күні барлық мемлекеттер үшін өзекті. Қылмыстың шекарасы жоқ. Сондықтан да, қауіпсіздікті нығайту мақсатымен біз көрші мемлекеттермен келісім жасаудамыз. Бұл ынтымақтастық тек қана қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, сондай-ақ, қылмыспен күресуде тәжірибе алмасуға себеп болады. Өткен жылы біз ҚХР-ға іссапармен бардық. Біздің олардан үйренеріміз көп», - деп өзінің баяндамасында Алматы облысы ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов атап өтті.

Көрші елден келген қонақтар қаза болған қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюға қатысты. Қорғас полиция бөлімін, ІІД-нің спорт кешенін аралап, Жедел басқару орталығының, Кинология қызметінің жұмысымен танысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары