Бүгін таңертең Шымкентте өртенген ескі ғимараттардың бірі опырылып құлаған болатын. Сол маңда тілсіз жаумен күрескен өрт сөндірушілердің бірі үйінділер астында қалып қойып, ауыр жарақаттарымен жансақтау бөліміне жеткізілген.
Белгілі болғандай, қызыл жалын адвокатура ғимаратын шарпыған екен. Бұрын бұл нысан Әл-Фараби аудандық әкімдігінің кеңсесі болғанын да айта кету керек. Оны жергілікті әкімдік бұзбақ болған сәтінде белсенділер қарсы шығып, бұзғызбай қойған. Енді аяқасты өртеніп кетті.
Өрт салдарынан қаладағы ең ескі ғимараттардың бірі опырылды. Құлаған қабырғалар 35 жастағы өрт сөндірушіні басып қалған. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер оны жансақтау бөліміне алып кетті.
«Ер азамат өте ауыр жағдайда келіп түсті. Жансақтау бөлімінде оған қажетті медициналық көмектің бәрін көрсеттік. Оның кеуде тұсы мен жамбасы айтарлықтай жарақат алып, сол қолы күйіп қалған. Қазір біздің мамандар оның өмірін аман алып қалу үшін барын салып жатыр», - дейді Жарақат бөлімінің дәрігері Нұрлыбек Паметов.
Еске салайық, Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан осынау ғимарат Шымкенттегі ең көне нысандардың бірі болып есептеледі. Апатты жағдайда болғандықтан әкімдік оны бұзбақ болған көрінеді. Алайда, жергілікті белсенділер қарсылық білдіріп, әкімнің шешімінің күшін жойғызған.