$ 494.87  520.65  4.91

«Өрмекші адам» тағы да қазақша сөйледі (ВИДЕО)

Тағы бір голливудтық туынды қазақ тіліне аударылды. Алматыда «болашақтықтар» ана тілімізге дубляждалған 21-фильмнің тұсауын кесіп, көпшілікке өз жұмыстарының  барысы жайында қысқаша фильм көрсетті.

Бұл жолы «болашақтық» жастар «Өрмекші адам. Қайта оралу» фильмін қазақ тіліне аударып, отандық көрермендерге ұсыныпты. Қазақ дубляжының режиссері және фильм мәтінін реттеуші – Шах-Мұрат Ордабаев. Бас кейіпкерлердің дауыстарын актерлер Заңғар  Әбенов, Асылбек Қапаев, Сая Тоқманғалиева, Нүркен Өтеулов, Айнұр Бермұхамбетова  және басқалары дыбыстаған.

Ұйымдастырушылар көрсетілім алдында осынау жобаның қалай басталғанын және Disney студиясында қазақ тілінің қалайша 39 ресми тілдің біріне айналғанын айтты.

«Дауыс іріктеу барынша қатал жүрді, біз дауыстарды ықшамдап жазып алып, олардың барлығын Disney студиясына жіберіп отырдық, қай актерді қандай рөлге бекіту керектігін олар өздері шешті. Әрбір кейіпкер даусы  ерекше сүзгіден өтті. Walt Disney 32 үміткердің ішінен «Көлік-2» фильміндегі Мэтрдің қазақ дубляжын үздік деген кезде қазақ дубляжының жүлдегер екені анықталды», - деді дубляж актері Азамат Қанапия.

Осылайша, ана тіліміз әлем бойынша DVD, Blu-Ray арқылы көретін голливудтық фильмдердің негізгі 7-ші тіліне айналды. Қазақша дубляждалған  фильмдердің барлығын республикалық телеарналардан, ITunes пен Air Astana компаниясы самолеттері борттарынан көруге болады. Бүгінгі күні екі отандық  компания Walt Disney компанияларының фильмдерін дубляждау туралы лицензияны алды, ал 150 шығармашылық және техникалық маман студияларда дубляждау бойынша  арнайы дәрістен өтті.

Атап өтерлік жайт, ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2011 жылы бұл жобаға  жоғары бағасын берген болатын. Сонымен қатар, «болашақтықтардан» құралған еңбек ұжымы Қазақстан кинематографистерінің «Қазақстан киноөнеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығын иеленді. Қазақша дубляждаған фильмдер Қазақстанның ұлттық өніміне айналды және «ҚР Назарбаевтың зияткерлік мектебі» АҚ кітапханаларына оқу ресурсы ретінде ұсынылды. Жоғары сапалы дубляждың арқасында қазақ тіліндегі шетел фильмдерінің қоры қалыптасып, балалар үздік әлемдік фильмдерді ана тілінде көре бастады.

 Айта кетейік, бұған дейін отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Болашақ» қорының директоры Динара Шайжүнісова әрбір фильмді қазақша дубляждау үшін 100 мың доллар қаражат жұмсалатынын айтқан болатын. Қорға мұндай ақша демеушілердің есебінен түседі екен. Қаржының көп бөлігі Лондндағы дубляждау студиясына жұмсалады.

«Кез-келген фильмді аудара бермейміз, олардың әлемдік рейтингіне ең алдымен баса мән береміз. Премьерасы күтіліп отырған туындыларды ғана аударамыз. Бүгінге дейін аударған 20 фильмнің барлығы жас ерекшелігіне қарамай көрсетіле беретін кең аудиториялы фильмдер. Ата-ана мен бала теледидардың алдында қысылмай өз ана тілімізде кино көруі үшін біз негізінен балаларға арналған фильмдерді аударып келдік», - дейді Д.Шайжүнісова.

Оның айтуынша, биыл «Өрмекші адам», «Көліктер 3» фильмдерінен бөлек тағы да «Коко» кинотуындысы қазақ тілінде отандық көрермендерге жол тартады. Сондай-ақ, әйгілі француз режиссері Люк Бессонның фильмдерін қазақшаға дубляждау үшін келіссөздер жүріп жатыр екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары