$ 498.34  519.72  4.85

Жамбылда той кортежінің көлігі жол апатын жасап, жазықсыз үш адамды өлтірді

Жамбыл облысында үйлену тойының кортежіндегі жүргізушілердің бірі жол ережесін өрескел бұзып, жазықсыз үш адамның өліміне себепкер болды. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Полицейлердің айтуынша, 14 шілде күні сағат 14:12-де Мерке аудандық ауруханасына шақырту келіп түскен. Қоңырау шалған адам Сыпатай батыр ауылының маңында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты болғанын айтыпты. Оқиға орнына жедел жәрдеммен бірге жол-патрульдік полициясының қызметкерлері де келіп жеткен.

Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов болса қайғылы жол апатының қалай болғанын айтып берді.

"27 жастағы жүргізуші тізгіндеген Mercedes-Benz Gelandewagen автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, ВАЗ-2114 көлігімен, одан кейін тағы екі көлікпен соқтығысқан. Олардың бірі жол-патрульдік полициясының қызметтік көлігі. Жол апатын жасаған Mercedes-Benz Gelandewagen көлігінің жүргізушісі той кортежінің құрамында болған", - деді облыс прокуроры.

Апат салдарынан ВАЗ-2114 көлігінде болған 1962 жылғы әйел мен 2015 жылғы қыз бала оқиға орнында көз жұмса, осы көліктің жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Өзге көліктерде болған тағы 4 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың ішінде Mercedes-Benz Gelandewagen көлігінің жүргізушісі де бар.

"Күдікті сот санкциясымен қамауға алынады. Ал, қылмыстық істі облыстық прокуратура өз бақылауына алып отыр. Күдікті жүргізуші қазір ауруханада, емделіп шығысымен екі айға қамалмақ", - деді Сыбанқұлов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары