Атырауда егіздерді дүниеге әкелген әйел перзентханада қайтыс болды. Жас ана кесарь тілігін жасату арқылы босанған екен. Алайда, ол сәбилерін сол күйі бауырына баса алған жоқ деп жазады "Мой Город" порталы.
27 жастағы әйелді бұл төртінші рет құрсақ көтеруі. Төртеуінде де дәрігерлер оны кесарь тілігі арқылы босандырыпты. Соңғы егіздерінен бөлек, марқұмның артында 7, 6 және 3 жасар балалары қалды.
Қайғылы оқиға 5 шілде күні облыстық перзентханада орын алған. Жас ана №4 қалалық емханада тіркеуде тұрып, сол жердің дәрігерлерінің қарауында болған екен.
"4 шілде күні жүкті әйел жедел жәрдем шақыртып, оны перзентханаға алып келді. Оған операцияны тәжірибелі, 10 жылдан астам еңбек өтілі бар дәрігерлер жасаған. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды, орын алған жайт бойынша тексеру жүргізілуде, тексерушілер қатарында Республикалық ана мен бала құқығын қорғау орталығының өкілдері де бар", - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, 27 жастағы әйелдің өлімінен кейін оның туыстары арызданып, сол арыздың негізінде ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.