19.07.2017, 11:48

Азамат Мұсағалиев "курлы-мурлы" деген әзіліне түсінік берді

Ресейдің танымал КВН жұлдызы, қазақ Азамат Мұсағалиев ТНТ телеарнасында жарық көрген қазақ тіліне қатысты "сәтсіз" әзіліне түісінік берді. Жарнамалық роликте әзілкеш жігіт қазақша сөйлеудің орнына "курлы-мурлы" деп, өзінің тіл білмейтінін көрсеткен.

"Құрметті достар, мен ТНТ телеарнасындағы роликке қатысты өз пікірімді айтқым келеді. Онда біз Нұрлан Сабуров екеуміз қазақ тілін білмейтіндерге қатысты әзілді көрсеттік. Қазақстанда бұл әзілге қатысты үлкен дау туғанынан хабардармын. Тіпті, менің жеке басыма тиісе бастады", - деді Азамат Мұсағалиев өзінің Instagram-парақшасында.

Ол сондай-ақ, өзіне түсініспеушілікпен қарап, әлеуметтік желілерде өзін қорғаған қазақстандықтарға да алғысын білдірді.

"Менің бауырларым - қазақстандық КВН жұлдыздары ағайындық танытып, жұртты сабыр сақтауға шақырды. Сол үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Екіншіден, кері пікір айтқан барша жанға айтарым, баршаңыз қарсы пікір айтуға құқылысыздар. Сондықтан, мен адекватты адамдардың пікірін тыңдау керек деп шешім қабылдап отырмын", - деді КВН жұлдызы.

Оның айтуынша, орын алған осынау жайттан кейін ол ана тілін білудің маңыздылығын сезінген. Өйткені, Ресейдегі қазақтар арасында ана тілін білмейтіндердің саны өте көп көрінеді. Ал, ТНТ телеарнасындағы әзілді роликтен кейін сол қазақтардың көбі ана тіліне қайта бет бұрады дейді Азамат Мұсағалиев.

"Құрметті достар! Бауырлар! Қазақ ағайындар! Бұл әзілді түсіргенде, қазақ тілін кемісіту немесе мазақ ету ойда да болмаған. Әзіл, кейбір қазақ тілін түсінбейтін қазақ адамдары жайында, ал ондайлар өкінішке орай бар. Яғни, сол персонаждың рөлін сомдадым. Сіздер мені түсінеді деген ниетпен жазып отырған жайым. Шын мәнісінде маған бәрі бір болса, мән бермей, барлығын өшіріп тастап жүре беретін едім. Сондықтан, түсінікпен қарауларыңызды сұраймын! Ізгі ниетпен, Ресейде жүрсе де, жүрегі қазақ деп соғатын Азамат Мұсағалиев", - деп сөзін түйді басы дауда қалған КВН жұлдызы.