Елордалық Тілдерді дамыту басқармасы «Көрнекі ақпарат – насихат құралы» тақырыбында іс-тәжірибелік семинар ұйымдастырды. Оған қалалық мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының өкілдері, сауда орталықтары мен жарнама агенттіктерінің директорлары қатысты.
Шара барысында сыртқы және ішкі жарнаманы сауда нысандарында орналастыруға байланысты сөз болды. Жарнамаға тапсырыс берушілер мен орындаушыларға Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамаларындағы талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателердің алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиында алдымен сөз алған белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында кеңірек парасатты ой өрбітті.
– Бүгін өте бір жақсы семинар өтіп жатыр. Бұған қаладағы жарнама берушілер мен орындаушылар шақырылыпты. Дұрыс деп есептеймін. Байқасақ, ағылшын мен орыс тілінде жазылған жарнамада қате болмайды. Қате мемлекеттік тілде кездеседі. Бұл – көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Біз – әлем таныған елміз. Бәрі де мойындады. Енді біз өзімізді тәрбиелеуіміз қажет. Барлық Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді құрметтеу керек. ҚР Тілдер туралы заңының 21-бабында жарнама алдымен мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде жазылады деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал көшеде ілінген көп жарнамалар қазақ тілінде жазылмайды. Мұны сұрайтын уақыт жетті, – деді тіл жанашыры.
Одан кейін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» кафедрасының доценті Нұрзада Махамбетұлы жергілікті құқықтық актілер сапасы туралы сөз қозғаса, ғалым Бекжан Әбдуалиұлы «Көрнекі ақпарат және қазіргі ономастика мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел «Тіл және ұлттық дүниетаным» бағытында ой сараптады. Семинар емін-еркін пікірлесу жағдайында өтті. Жиналғандар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бір қатысушы қаладағы пәтер иелері копперативтерінің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтынын сөз етті. Қысқасы, мағыналы шарадан ана тілімізде жазылатын жарнама жабырқамаса екен деген ой түйіп қайттық.