Алматыдағы саябақтардың бірінде тұрған ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішін белгісіз біреулер бүлдіріп кетті. Вандалдар тас мүсінге бояумен балағат сөздер жазған деп мәлімдеді "Алматы" телеарнасы. Жергілікті билік өкілдеріне хабарласып, жазуды өшіртетін мамандарды 1 аптадан бері шақырта алмай отырмыз дейді саябаққа келушілер.
Саябақ аумағында түнде жарық шамдарының барлығы жанады. Алайда, маңайға бірде-бір бақылау камерасы орнатылмаған екен. Ал, аудандағы көріктендіруге жауапты мамандар балағат жазуды тек бүгін байқадық деп ақталуда.
«1 апта бойы емес, естігеніміз осы ғана. Саябаққа вандалдар түнде келіп бүлдіріп кетеді. Күндіз мұнда арнайы бекітілген мамандар жұмыс істеп, нысанды тазалықта ұстауға жауап береді. Олардың жұмыс кестесі таңертең 9-да басталып, кешкі 6-дан кейін аяқталады», - деді Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Әкімхан Төлеген.
Басшының осы сұхбатынан кейін көп ұзамай мекемеге қарасты мамандар ескерткішке келіп, ондағы жазуды өшіріп тастады.