$ 448.89  477.93  4.76

«Сарапшы» дискуссиялық клубы: өзекті мәселелер біздің назардан тыс қалмайды

Қоғаммен байланыс жасайтын, қоғам мен билік арасын жалғайтын, ортақ диалог құруға негіз болатын қоғамдық ұйымдар мен клубтар аз емес. Ал, биыл көктем айында құрылған «Сарапшы» пікірталас клубы бүгінге дейін 7 отырыс өткізіп, қоғамдық резонанс тудырған тақырыптарды талқылаған екен.

«"Сарапшы" клубы Алматы қаласында көктемде құрылды. Сол уақыттан бері мамандармен бірге 7 отырыс өтті. Тақырыптар әр алуан. Негізгі мақсатымыз – қозғалған мәселелерді шешуге, соған қатысты сарапталған пікірлерді қосып, тиісті деңгейде көмек көрсетуге негізделген. Республикалық маңызы бар сұрақтарды талқылаймыз. Алматы қаласына тән спецификалық ерекшеліктерін ескереміз», - дейді клуб жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

Атап айтқанда, қоғамдық клуб мүшелері белсенді тұлғалар мен саясаттанушылардың, мамандардың басын қосып, күн тәртібінде тұрған – міндетті әлеуметтік сақтандыру, қаладағы миграция, жастар сынды мәселелерді ортақ талқылауға салған.

«Отырыста қозғалған мәселелердің ішінде қаладағы миграция мәселесі, міндетті медициналық сақтандыру, Алматы қаласы жастарының 2020 жылға дейін дамуы туралы бағдарламасын да қарастырдық. Осы жылдың басында өткен Универсиаданың нәтижелерін және «Спорт нысандары қаншалықты жүйелі пайдаланылып жатыр?» деген сұраққа да тоқталдық», - дейді клуб жетекшісі.

Сонымен қатар, Дәурен Бабамұратов «Біздің басты ерекшелігіміз – кез-келген тақырыпта екі түрлі ұстанымдағы сарапшылар арнайы баяндама әзірлейді. Яғни, кез келген мәселеге екі жақты қарап, оң мен солын тануға ұмтыламыз. Міндетті түрде екі тараптың сөзін тыңдаймыз. Содан кейін сарапшы-мамандар жеке пікірлерін білдіреді» деп, клуб жұмысын түсіндіре кетті.

«Пікір-талас клубымыздың қоғаммен байланысы туралы айтатын болсақ, отырыстарымыз міндетті түрде таспаға басылады. Әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Осы уақытқа дейін өткен отырыстарымызды сол жерден қарауға болады. Біз ашықпыз. Біздің отырыстарымызды кез-келген уақытта фейсбук, вконтакте, ютуб тағы басқа желілерден тауып алып қарауға болады. Кез келген бұқара ақпарат көздері келіп қатыса алады. Қарапайым халық келем десе қарсылық жоқ. Тек алдын-ала тіркелу керек. Біз қоғаммен тығыз байланыстамыз», - дейді дискуссиялық клуб жетекшісі.

«Сарапшы» дискуссиялық клубының тұрақты мүшелігінде елге танымал он бестен аса қоғам қайраткері бар. Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Әміржан Қосанов сынды танымал тұлғалар қоғамдық мәселелерге қатысты ойын ашық білдіріп, мәселенің мән-жайын талқылауға әрқашан дайын екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары