$ 444.22  476.38  4.82

Жамбылдық мұғалімдер латын әліпбиіне көшу бастамасын талқылады

Биылдан бастап елімізде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Әсіресе, Елбасының сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін тіл мамандары латын әліпбиінің қазақстандық нұсқасын жасауға күш салуда. Алғашқы нұсқа осы қыркүйек айында Парламент депутаттарының назарана да ұсынылған болатын. Енді еліміздің әр өңірінде осы реформаны түрлі саланың мамандары талқылап жатыр.

Осындай талқылаулардың бірі Жамбыл облысының орталығында өтті. Бұл жолы осы қазақ тілімен тікелей жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері бас қосқан. Олар «Рухани жаңғыру» идеясының маңыздылығын талқылап қана қоймай, латынға көшудің артықшылықтары мен кемшіліктерін ортаға салды.

«Латын әліпбиіне көшудің заманауи аспектілері: жай-күйі  және  болашағы» атты онлайн-семинарды Жамбыл облыстық Білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Оған Тараз қаласындағы 34 мектептен 476 мұғалім қатысты. Педагогтардың барлығы да қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері.

Семинар барысында облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Л.Бекназарова «Латын алфавиті – ХХІ ғасырдың ғылыми және білім тілі» деген тақырыпта баяндама жасады. Маманның айтуынша, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін біздің азаматтар сол экономикасы озық елдердің жазу-сызуын меңгеріп алуы керек. Демек, латын әліпбиіне өту арқылы біз еуропалық ғалымдардың еңбетеріне оңай қол жеткізе аламыз.

Сондай-ақ, жиын барысында педагогтар латын әліпбиіндегі қазақша әріптердің таңбалануына да тоқталды. Есте болса, Парламентке ұсынылған латын әліпбиінің соңғы нұсқасында қазақша әріптер екі дыбыспен таңбаланған болатын. Тараздық мұғалімдер мұны әлі де болса жетілдіру керектігін айтты.

Тараздағы №1 гимназиясының мұғалімі Н.Баймақшаева болса латынға бізден бұрын көшкен Орта Азия елдерінің қателігін қайталамау керек дейді. Латынға көшудің тарихын баяндаған педагог Қазақстан Түркия мен көрші Өзбекстанның тәжірибесін пайдалана отырып, олар жіберген кемшіліктерді айналып өтудің жолдарын қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, пән мұғалімдері латын әліпбиіне көшу барысында емле ережелерінің  сақталынуына баса назар аудару керектігі туралы, балабақша, орта мектептерде  жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері)  деген  сабақты  енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныстарын да білдірді.

Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, Қазақстан латын әліпбиіне 2025 жылға дейін толық өтіп бітуі тиіс. Бұл ретте орыс тілі бұрынғыша кирилл қарпінде қолданыста болатынын да айта кету керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары