Жамбыл облысының белсенді жастары облыстық форумда бас қосты. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының базасында өткізілген іс-шараны «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жас Отан Жастар қанаты ұйымдастырып отыр. Басты мақсат – қордаланған жастар проблемаларының шешімін табу, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» идеясы аясында атқарылып жатқан шараларды талқылау.
Ақыл – жастан. Жамбыл облысында жас та болса бас болып, өзінің белсенділігімен көзге түсіп жүрген азаматтар жетерлік. Солардың бірнешеуі бүгінгі жиынның қонағы болды. Олардың қатарында ең жас халық қалаулысы Серікбол Берікқожа, республика бойынша 2016 жылдың ең үздік мемлекеттік қызметшісі атанып, Елбасымен жүздесіп қайтқан Мұстафа Бектұрғанов, сондай-ақ, соңғы уақытта жастар арасында танымал вайнер Елдос Қадірхановтар болды. Олар көп болмаса да бағындырған белестерін тілге тиек етіп, жетістікке жетудің жолымен бөлісті. Күні кеше ғана әлемді мойындатып, қазақтың абыройын тағы бір асқақтатқан спортшы Әбілхан Аманқұл сөздің емес, істің адамы екендігін дүйім жұртқа дәлелдеп отыр. Бүгінгінің батыры өз замандастарын ерінбей еңбек етуге шақырды.
«Жастармен болған кездесуде осы жасыма дейінгі өмір жолыммен, жеткен жетістіктеріммен, көрген қиындықтарыммен бөлістім. Әрине жаттығуда қиын болғанымен, рингке шыққанда оңайырақ болады. Сондықтан, барлықтарыңызды өз таңдаған мамандықтарыңыз бойынша еңбек етуге шақырамыз. Біз енді спортты таңдадық, соңына дейін күресетін боламыз», - деді форумнан кейін тілшілерге сұхбат берген танымал боксшы.
Жастар біріксе, бағынбайтын шың, алынбайтын қамал жоқ. Болашақтың іргесін қалайтын да солар. Қоғамдық өмірде белсенді жастар жиыны еркін форматта өрбіп, жыл бойы атқарылған еліміздегі елеулі оқиғалар жайы айтылды. ЭКСПО көрмесінің маңызы, «Рухани жаңғыру», Қазақстанның үшінші жаңғыруы да әңгіме өзегіне айналды.
«Жастарымыз рухани сауатты болуы керек. Сонда ғана еліміздің жаңғыруы кедергісіз жүзеге асады. Елбасымыздың рухани сауатты азаматы бар ел ғана биікке өрлейді деген сөзі бар. Мен үлкен сеніммен айта аламын: біздің жастардың бойынша бұл қасиет бар», - дейді форумға қатысқан Тараз қалалық мәслихатының жас депутаты Серікбол Берікқожа.
«Болашаққа сенімді қадаммен» атты форумға қатысып, азаматтық позициясын паш еткен жандарға сый-сияпат көрсетілді. Жастар қауымының сауалнамасынан соң жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кету керек, атаулы жиын барлық аудандарда өткізіліп, алдағы уақытта облыста қорытындыланатын болады. Ондағы мақсат – қараша айында Елбасымен бірге өтетін «Жас Отан» жастар қанатының 4-ші съездіне баратын 50 делегатты іріктеу.