$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстандық жастар да Ресей мен Украина қақтығысына «түсіністікпен» қарай ма?

Бұған дейін Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырымды аннексиялауға қарсы украиналық және ресейлік жастардың YouTube сайтында үш рет видео-үндеуі жарияланды.

Бұл видео-үндеулерде жастардың бауырлас екі халық арасындағы қантөгісті қаламайтындары, Ресей агрессиясына қарсылықтары ашық айтылды және қатты сыналды. Ресейлік студенттер видео-үндеуінде: «Біз жарияланбаған әрі көптеген отандастарымыз қатысып жатқан қылмыстық соғыс үшін ұяламыз. Біз Украинаның территориялық тұтастығын құрметтеу туралы берген уәдесінен аттап, Қырым түбегін аннексиялап алған еліміз үшін ұяламыз. Ресей түрмелерінде Украина азаматтарын заңсыз қамауда ұстап отырғаны үшін ұяламыз. Бізді кешіріңдер», – деп кешірім де сұрады.

Жастар арасындағы диалог орнатуға деген мұндай талпыныс  құрметтеуге, үлгі алуға тұрарлық азаматтық позиция. Әрине, әлемді Үшінші дүниежүзілік соғыстың үрейіне малшындырған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, қай елдің болсын кәрі-жасын алаңдататын оқиға. Бірақ, бәрін көріп, біліп отырған, орыс тілді аудиториясының көлемі әлі күнге тарыла қоймаған ТМД-дағы біздің мемлекет секілді елдерде тұратын жастардың үнсіз қалғаны көңілге кірбең ұялатады. Осы мәселеге байланысты белгілі журналист Қасым Аманжолұлы: «Украиналық та, ресейлік те жастардың видео-үндеулерін көрдім. Жақсы форма. Заманға сай және әсерлі. Ал біздің жастарға келсек... Біздің жастар саясаттан алыс жүр. Оларға Украинаның жерінен айырылғанынан гөрі Қайрат Нұртастың үйленген-үйленбегенін анықтау маңызды сияқты. Біздің жастар біреудің сүйреуін, біреудің бастауын күтетін масылдық көңілге көбірек бейім тәрізді. Өкінішке қарай...», – дейді. Еліміздегі науқаншыл, кішкентай істі алаулатып-жалаулатып әкететін жастар ұйымдары YouTube сайтындағы     видео-үндеуге үн қоспаса да, жекелеген азаматтардың басы бірігіп, украиналық және ресейлік жастардың арман-тілегіне қолдау білдіруге моральдық қақысы бар шығар. Мүмкін, біздегі жастар да Ресей мен Украина арасындағы қайшылыққа «түсіністікпен» қарайтын шығар.

Ырысбек ДӘБЕЙ

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары