$ 446.49  475.38  4.79

Ассамблеяның айналасындағы сан сұрақ

14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары А.Башмаковтың мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы мәлімдеме жасағаны сол-ақ еді, депутаты да, басқасы да қоғадай жапырылып құптай жөнелді. Енді ғана осы жылдың «Ассамблея жылы» деп аталу себебі мен оның Сарыағашқа бармаған себебі де белгілі болғандай.

Осы Ассамблеяның құзырына не міндетіне  осындай үндеу жариялау кіре ме? ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңының  12-бабына сәйкес Ассамблея төрағасы ғана бұқаралық ақпарат құралдарында және халықаралық ұйымдарда Ассамблея атынан үндеулер және мәлімдемелер жасайды. Бірақ оның жариялайтын үндеулері ғана емес, оның қабылдайтын барлық құжаттары Ассамблеяның міндеттеріне сай болу керек қой. Аталмыш заңның 4-бабында оның негізгі міндеттеріне мыналарды жатқызады:

1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

2) халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; 

3) қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу; 

4) азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру

5) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету; 

6) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.

Осының ішінен сайлау процесіне араласу деген сыңайлы міндет көріп тұрсыз ба?

Үндеу этносаралық қатынастырды нығайту немесе қазақстандық патроитизмді орнықтыру т.б. турасында болса, әңгіме басқа.

Дәл сол сияқты 6-баптағы «Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары» мемлекеттегі ұлттық саясат пен этносаралық қанынастарды үйлестіруге арналған.

Бұлайша ұсақ-түйекке шұқшиып жатуымыздың себебі – Ассамблея  МЕКЕМЕ статусында болғандықтан әрбір мекеме өзінің міндеттеріне сай ғана жұмыс істеуі керек.  Аталған заңның 1-бабында былай деп айшықталыпты: «Қазақстан халқы Ассамблеясы — заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін МЕКЕМЕ». Ал қоғамдық ұйым болса  жөн басқа еді.

Әйтпесе,  мекеме іздесеңіз ҚР Білім және ғылым министрлігіне қатысты оқу-тәрбие мекемелерi де, өзге министрліктерге тиесілі табиғат қорғау мекемелері де, тіпті, жаза атқару жүйесі комитетінің  түзеу колониялары да,  бәрі де МЕКЕМЕ. Қандай да бір, табиғат қорғау мекемесі немесе түзеу колониясы осындай үндеу жариялап жатқанын елестетіп көріңізші.

Өзіне тікелей  қатысты міндеттерді орындамай жүргендігі туралы әуелде айтқанбыз (http://www.skifnews.kz/sn-bugingi-soz/item/2518-assambley-ademi-akpar-beretin-organ-ba),  қайталамай-ақ қояйық.

«Жоқ, бұл қоғамдық процестерге тікелей араласатын ерекше мекеме» - деп айтуыңыз әбден мүмкін.

Жақсы Сіз айтқандай түкірігі жерге түспейтін мекеме болса, онда НЕГЕ:

−  ұлтаралық қақтығыстар болған жерден Ассамблеяның көлеңкесін де көрмейміз?

−  Павлодар мен Петропавл атауларын «Жәнібек хан» мен «Керей хан» атауларын айырбастау туралы үндеу жариялағанын неге естімейміз?

−  Тіпті, ол ауыр тисе, аталған екі қаланы атауын «Қонаев» және «Назарбаев» қалалары деп өзгерту туралы үндеу жариялағанын естімейміз?

−  Алматының Алатау аудандық сотында қаралып жатқан үй ішінен үй тігіп, ұлт араздығын қоздырушы Т. Шевцова-Валованың сотына қатысқанын естімейміз?

−  В.Жириновский т.б. сияқты ұлтаралық-мемлекетаралық араздықты қоздырушыларға қарсы мәлімдеме жасағандарын естімейміз?

Осылар соңғы жасаған үндеуіне қарағанда өз мндеті мен мақсатына толық сай емес пе?!!

P.S. Ассамблеядан сайланған депутатардың ішінен қазақ тілінің мәселесін көтеріп жүрген  Р.Халмурадовқа қана жүрегім жылитын еді,  бірақ қазақ халқының алдында ұпай жинап алған соң үндемей қалды ма, әлде сыртқы күштер әсер етті ме, өзіне ғана мәлім шығар.

 Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары