Қазақ-қырғыз шекарасындағы көліктердің кептелісіне қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, қырғызстандық жұүк көліктері заң талаптарын жиі бұзады екен.
«Соңғы кездері қырғыз тасымалдаушылары тарапынан Қазақстан Республикасының көлік заңнамасын бұзу фактілері жиілеп кетті. Тек соңғы 2 күнде Қырғызстан Республикасының тасымалдаушыларына тиесілі тексерілген 212 автокөлік құралының 35-нен өрескел заң бұзушылықтар анықталып отыр. Атап айтқанда, артық салмақ және габарит көрсеткіштері бойынша - 11, каботажды тасымалдау - 4, Қазақстанның рұқсат бланктерінің болмауы - 4 және басқа да 13 заң бұзушылық тіркелді», - делінген министрліктің Facebook-парақшасында.
Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар үшін барлығы 1 миллион 328 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, тұрақты емес жолаушылар тасымалдау рұқсаты жоқ 4 автобус айып тұрағына қойылды. Анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпарат Қырғыз Республикасына жіберілген.